Астаналық экономикалық форумының бірінші күні сәтті аяқталды
Бірлік Берікұлы, тілші
-Кешеден бері елорда төрі жаһан жұрты көз тіккен алаңға айналып отыр. Себебі Астаналық экономикалық форумында сөз алған аты ғалымдар мен сарапшылар түрлі пікірлерімен бөлісіп жатыр. Сонымен кешегі форумда адам айтса сену қиын ойлар ортаға салынды. Мәселен, кәріліктен қорғайтын дәрі-дәрмек жасап шығаруды жоспарлап жүрген шетелдік ғалым болды. Сондай-ақ форумға қатысқан америкалық мамандар, ысырапшылдық пен жетіспеушіліктің балансын біріктіруді көздеді. Канаданың кейбір қалаларында күніне 13 мың килограмға дейін нан қоқысқа тасталады екен. Азық-түлікке зәру мемлекеттердің бар екендігін ескеретін болсақ, қалдықтарды қайта өңдеп, оларға жеткізу керек дейді. Таңқалдырған отты ойлардың легі мұнымен шектелген жоқ еді. Біраз талқыланды, шешілді. Ал бүгінде бірнеше жаһандық мәселенің күрмеуі тарқатылатын болады. Солардың бірі – қалалар әлемі тақырыбы. Бүгінде еліміздің 57,4 процент тұрғыны қалада тұрады екен. Ал қалғаны ауылдық жерлерде. Алдағы уақытта өсім қай жаққа ығысады? Негізі адамның келешегі қалада деп жатады. Ал қала барлық адамды қабылдауға даяр ма? Мына дамыған заманда 2050-ші жылы қаламыздың көрінісі қалай болмақ? Бір қалаға қатысты бірнеше сұрақтың жауабы бүгінгі әлем ойшылдарының назарында болады.