«Хабар» арнасы екі буын өкілдері сайысатын «Кім мықты?» бағдарламасын ұсынады
«Кім мықты?» деп аталады. Аға буын мен жастардың тәжірибесін, білімін сарапқа салатын бағдарламаның мақсаты – екі буын арасындағы байланысты нығайту.
Бағдарлама барысында жастар қолданыстан шығып қалған сөздерді түсіндіруге тырысса, заманауи терминдер мен технологиялық жаңашылдықтардың сырын ашу алдыңғы буын өкілдеріне жүктелді. Сұрақтардан мүдіріп, жаңылысып қалғандар да болды. Бірақ бұл зияткерлік бағдарламаның көрігін қыздырып, маңызын арттырды.
Гүлсара Жұмабекова, бағдарламаға қатысушы:
- Маған ұнады. Мен жастардың бұрынғы заманның сұрақтарына 100 пайыз дұрыс жауап бергеніне қатты таңғалдым. «Бұлбұл құс» деген ән бар ғой. Оны айта алмайды деп ойладым. Бірақ оны да тамаша айтты.
Шығармашылық ұжым тапсырмалардың жан-жақты болуына да мән беріпті. Ойыншылар назарына ретро әндер мен заманауи фильмдер де ұсынылды. Ал әлдеқашан ұмыт болған заттар жастар үшін тосын тапсырма болған сияқты.
Ақылбек Досжанов, «Кім мықты?» бағдарламасының продюсері:
- Мысалы, кеше күбі әкелді. «Мынау не?» деп. Олар көп ойланып қалды. Күбіні қазір қолданбайды. Бірақ кезінде білесіздер, қазақтың кәдімгідей айранын пісірген, көбі күбімізді білмейді. Ал үлкендерге біз мысал ретінде электронды қалам әкелдік.
Жастар мен аға буын арасындағы білім мен біліктілікті таразылайтын «Кім мықты?» бағдарламасын 21 сәуір күні 19:15-те «Хабар» телеарнасынан тамашалай аласыздар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Әбжанов