Хабар телеарнасы

Астана іргесіндегі Ақкөл қаласында «Smart Aqkól» жобасы жүзеге асып жатыр

Бас қаладан 100 шақырым жердегі Ақкөл қаласында «Smart Aqkól» жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл ҚР Президентінің тікелей тапсырмасымен басталған пилоттық жоба болатын, жемісін берді.

Бүгін аталған қаланың сандық болашағымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі танысып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұндай «ақылды» қалалардың санын көбейтуді тапсырды. ТМД аумағында алғаш рет жүзеге асырылған теңдесі жоқ жоба халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін еліміздің барлық қаласында қолға алынбақ.

Сыртынан қарасаң, бұл – бұйығы қала. Дегенмен бұл жерде болашақ жасалып жатыр. Алты айдан бері Ақкөл қаласы сандық технологияның орталығына айналды. «Ақылды» қала құру ҚР Президентінің өз тапсырмасы болатын, бүгін Елбасыға «Smart Aqkól» жобасы таныстырылды. Әуелі Мемлекет басшысы ақпаратты өңдейтін орталыққа барды. Бұл қаланың негізгі өзегі десе болады. Барлығы осы жерден сақталады.

14 мың тұрғыны бар қаланың өмірі өзгерді. Бұл ахуалды орталықта Ақкөлдің тыныс-тіршілігі түгел мына үлкен экрандар арқылы күндіз-түні бақылауда. Қаланың барлық аумағы сандық әрі интеллектуалды инфрақұрылыммен жабдықталған. Атап айтсақ, 17,5 шақырымға талшықты-оптикалық байланыс, энерготиімділігі жоғары желі, қоғамдық интернет халықтың игілігіне айналды. Қалада қазір 100-ге жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. Жолдағы ахуал, көшедегі тәртіп, ұрлық-қарлықтың бәрі бейнекамераның бақылауында. Жоба алғашқы нәтижесін берді, қалада қылмыс деңгейі төмендеген.

Самат Имбаев, «Қазақтелеком» АҚ департамент директоры:

- Қылмыс статистикасы жақсарды. Өйткені қылмыс болған жағдайда видеофиксация жасалып, барынша тергеулер жүргізіліп, қылмыскерлер қолға түсті.

Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған қанатқақты жоба еді. Сәтімен аяқталды. Ақкөлден «ақылды» қала жасау тегін емес. Біріншіден, Астанадан алыс емес. Екіншіден, халықтың саны жағынан да қолайлы. «Ең бастысы халыққы ыңғайлы болсын», – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Я поручил провести здесь пилотный проект. Во-первых, надо людей учить, как этим управлять. Акколь – удачная точка. Задача – сделать это по всему Казахстану, и все эти данные будут в одном месте, допустим в Астане. Например, и решения стратегические можно будет принимать, анализируя ситуацию по Казахстану, если экстренные ситуации.

Ақкөлде ТМД төңірегінде теңдесі жоқ технологиялар қолданылды. Мұнда еліміз бойынша алғаш рет коммуналдық қызмет қолданушылары сандық форматқа көшірілді. Солардың бірі – қаланың байырғы тұрғыны Андрей Коровин.

АНДРЕЙ КОРОВИН, АҚКӨЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Үйге келіп, есептегіш құралдарын айырбастап берді. Оған бір тиын да төлеген жоқпыз. Қазір менің жасым елуден асты. Осы қалада табан аудармастан тұрып келем және жақсы өзгерістерді көзім көріп, көңілім қуанады.

Қаланың соңғы жылдағы келбетін келген меймандар танымай жатса, жергілікті тұрғындар Ақкөлдің «ақылды» һәм қауіпсіз қала болғанына қуанышты.

Бауыржан Дәулет, Ақкөл қаласының тұрғыны:

- Ата-ана ретінде қалада орнатылған бейнекамералар баламның қауіпсіздігі үшін жақсы.

Мұндағы сараптамалық платформа жасанды интеллектке негізделген. Сондықтан ауаның ластануы, үйдегі температураның төмендеуі, ауруханаға келген адамдардың санын, тіпті мектептегі оқушының оқу үлгерімін де анықтап бере алады.

Әлімжан Есетов, компания жетекшісі – жоба операторы:

- «Smart Aqkól» жобасында ақпарат алатын сандық экожүйе құрдық. Бұрын мұндай ақпараттар тіпті кейбір мемлекеттік органдарға да қолжетімсіз болып келген еді. Бұл қаланы басқаруда қажетті шешімдер жасауға көмектеседі. Біз өз серіктестерімізбен бірлесе отырып бұл технолгияны басқа да өңірлерге кеңінен таратуға әзірміз.

Бүгін Мемлекет басшысы: «Ақкөлдің тәжірибесін басқа да қалаларға енгізу керек», – деді. Яғни Қазақстанда «ақылды» қалалардың саны арта түседі. Бұл қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға һәм қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Правительству такое поручение будет. Специальная группа отработает. Я думаю, что это стоит затрат. И на это надо идти, и это надо делать. Я недавно подробно слушал искусственный интеллект наших хороших соседей как они это делают. И как они нам предлагают это. И это придет сюда. Будем надеяться, что мы не отстанем от всех других.

Қазір ақпараттарға аш қасқырдай шабатын кибершабуылдар көп. Жобаның киберқауіпсіздік мәселесін Кибершабуылдарды зерттеу және талдау орталығы қамтамасыз етті. Орталық жеке мәліметтерді қорғау мақсатында арнайы отандық құрылғы ойлап тауып, бүгін оны Елбасына таныстырды.

Бүгін ҚР Президенті: «Біз өзгелердің соңында шаң қуып қалмауымыз қажет», – дегенді тағы айтты. Ал бүгінгі Ақкөлдің тәжірибесінен түйгеніміз: «ақылды» қала құру біздің қолымыздан келеді.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Айдос Серікболұлы