Алматыдағы тікұшақ апатына қатысты тергеу амалдары басталды
Журналистермен болған кездесуде бас маман апаттың үш түрлі себебі болуы мүмкін екенін айтты.
Жандос Айтбайұлы, тілші:
- «Ауа райы қолайсыз болды»і, «техникалық ақаулар болуы мүмкін» немесе «ұшқыш қателік жіберуі мүмкін», – дейді. Бірақ өте тәжірибелі ұшқыш Валентин Шитов бұған дейін де осы Eurocopter 130 ұшағымен бірнеше сағат әуеге көтерілген. Апат айтып келмейді. Дәл осы Алатау шипажайының маңында кеше болған тікұшақ апатын зерттеу және тергеу жұмыстары әліде жалғасуда.
Бейсенбіде Алматының ауа райы алабұртып тұрды. Түс ауа қаланы қара тұман басып, кешке қарай қаралы хабар жетті. Боралдайдан ұшып шыққан Eurokopter 130 тікұшағы Үлкен Алматы көлі маңындағы қону алаңына 10 шақырым қалғанда жерге құлаған. Тікұшақты басқарған 50 жастағы Валентин Шитов басынан алған ауыр жарақат салдарынан жедел жәрдем жеткенше көз жұмды.
Игорь Медведев, Валентин Шитовтың досы:
- Мен марқұмды 27 жылдан бері танимын. Отбасымызбен араласамыз. Оның қазасы өте ауыр тиді. Адамгершілігі өз алдына, Валентин өзінің кәсібіне адал жан еді. Ол – кәсіпқой ұшқыш, бар білгенін шәкірттеріне үйрететін мықты ұстаз еді. Шитовтың шәкірттері қазір шекара қызметінде жүр. Күтпеген жерден болған бұл апат бәрімізді есеңгіретіп тастады.
Валентин Шитов Саратов жоғарғы әскери авиациялық ұшқыштар училищесін тәмамдап, Гагарин атындағы әскери-әуе академиясында білім алған. Ең алғаш Атырауда МИ-8 ұшағымен әуеге көтерілсе, кейіннен әскери шекара қызметінде жұмыс жасаған. Осы Eurokopter 130 тікұшағымен де 200 сағаттық көрсеткіші болған.
Нұрлан Жұмасұлтанов, Авиациялық және оқыс оқиғаларды тексеру басқармасының басшысы:
- Адамдарды алып кету үшін ұшқан болуы тиіс. Бірақ құлаған ұшақтың ішінде ұшқыштан басқа ешкім болған жоқ. Өте тәжірибелі маман болатын. Қазір жан-жақты тексеру жүргізілуде. Қара жәшік те ашылды. Тікұшақтың сынған бөлшектерінде арнайы орындарға жеткіздік. Енді нақты себепті анықтаймыз.
Осы оқыс оқиғаға байланысты Азаматтық авиация коммитеті Eurokopter 130 тікұшағы тиесілі Sky Service әуекомпаниясына уақытша ұшуға тыйым салды. Бүгін аталған компания басшылары да тікұшақтың осы жылдың 9 қаңтарында «Аэроэксперт» серіктестігінің орталығында техникалық тексерістен өткенін және ұшақтың иесі «Тау Логистик Way» компаниясы екенін мәлімдеді. Ұшақ борт иесінің тапсырысымен әуеге көтерілген. Әзірге сала мамандары жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізуде. «Барлық сараптама қортындысы дайын болған соң, нақты ақпаратты жеткізетін боламыз», – деді.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Валентин Лобанов