Хабар телеарнасы

«Болашақ» түлектері энергетика саласын дамытуды қолға алды

Жасанды интеллект пен жаңартылған энергия көздерін пайдалану арқылы елімізде жоғары вольтты желіге диагностика жасалып, литий-ионды аккумуляторларды қолданатын болады.

Қарапайым түрде түсіндірер болсақ, докторантура студенті коптерді жасанды интеллект, яғни интеллектуалды компьютерлік бағдарламамен жабдықтаған. Оның көмегімен жоғары вольтты желіге диагностика жасау жоспарланып отыр.

Алдағы уақытта адамзаттың жоғары кернеулі тоқты анықтауы үшін биік бағанаға шығуының қажеті болмас. «Бұл міндет машинаға жүктеледі», – дейді саланы жан-жақты зерттеген жас ғалым Дамира Пернебаева.

Дамира Пернебаева, Назарбаев Университетінің PhD студент-докторанты:

- Мен шикізаттық емес энергетиканы дамыту қажет деп есептегендіктен осы саланы таңдадым. Елбасы аталған сектордың өрісін кеңейтуге күш салу қажеттігін айтқан болатын. Нарықта қолданылып жүрген коптерді біздің зерттеуге бейімдедік. Бұл жүйе уақытты үнемдеп, шығынды азайтады.

Ал Назарбаев Университетіне қарасты инженерия мектебінің ғылыми қызметкері Жазира Беркінова жаңартылған энергия көздерін сақтау жолдарын қарастыруда. Литий-ионды аккумуляторлар жасап шығармақшы. Жас маманның жобасына Жапония, Аустрия елдері де үлкен қызығушылық танытып, қаржылай қолау көрсеткен.

Жазира Беркінова, Назарбаев Университеті инженерия мектебінің ғылыми қызметкрі:

- Литий-ионды, литий-күкіртті батареялардың материалдарына зерттеу жасап жатырмын. Яғни олардың микроқұрылымдарын зерделеудемін. Бұл микроқұрылымдар осы батареялардың жақсы жұмыс жасауына ықпал етеді.

Луис Рохас-Солорзано, Назарбаев Университеті инженерия мектебінің PhD бағдарламалар директоры:

- Мен әлемнің бірқатар еліндегі университеттерде дәріс бердім. Қазақстан студенттері өте жоғары нәтиже көрсетіп жатыр. Елді дамыту жолында ауқымды жобаларды қолға алған.

Биыл жас ғалымдардың жобалары пилоттық режімде тәжірибеден өткізіледі. Ал 2020 жылға қарай қолданысқа енгізілуі мүмкін.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Динара Жанбатырова, Сұлтан Қалдыбеков