«Болашақтағы» жанжал: кепілгерлер Тоқаевқа жүгінді
«Болашақтан» жанжал шықты.
Халықаралық бағдарламалар орталығының бұрынғы қатысушысына кепілгер болған Наталья Воробьева мен Мақпал Дәрібаева араша сұрап, Президентке жүгінді.
Айтуларынша 2016 жылы олар «Болашақ» грантын алған Валерия Гавриленкоға кепіл ретінде қол қойған. Алайда 2019 жылы орталық қызметкерлерімен ымыраласып, кепілде тұрған екі пәтерді шығарып, Ұлыбританияға тұрақты тұруға кетіп қалған. Ал екі жыл өткенде орталық Гаврилиенконы стипендиядан айырып, ақшаны қайтаруды талап етеді. Алайда «Болашақ» орталығы өз рұқсатымен құжат жүзінде ол пәтерлерді кепілден шығарып қойған, енді 30 млн теңгені кепілгер Воробьева мен Дәрібаевадан өндіріп алмақшы екен.
Мақпал Дәрібаева, кепілгер:
– Кепілдіктен шығарылып, заңсыз берілген екі пәтер қайтарылсын. Өздерінің лауазымдарын асыра пайдаланып, яғни біздің пайымдауымызша, жемқорлыққа жол берген шенеуніктер қылмыстық жауапкершілікке тартылсын. Сіз бен біздің салығымыздың ақшасына, бюджеттің ақшасына оқып келіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне ешқандай үлес қоспаған Гавриленко Валерия елге қайтарылсын!
«Болашақ» халықаралық орталығы өз жауабын берді. Онда:«Кепілдік шартында көрсетілген талаптарға сәйкес Мақпал Дәрібаева және Наталья Воробьева оқуды ұйымдастыру шарты бойынша барлық міндеттемелерді толық орындауға жауапкершілікті өз мойындарына алған. Сондықтан орталық орындалмаған талапты кепілгерге қоюға міндетті», - дейді. Ал осы іске қатысты заң бұзған азаматтарды заңда көзделген жауапкершілікке тарту үшін бірнеше өтініш жарияланған.
Қазір Гавриленконың нақты орналасқан жерін құзырлы органдар анықтап жатыр. Сондай-ақ орталық «Болашақ» бағдарламасының шетелдерде жүрген, мемлекет алдындағы шарттық міндеттемелерін орындамаған стипендиаттарды «қайтару» бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқандарын айтып отыр.