Хабар телеарнасы

Органикалық өнім өндірісі туралы заң мақұлданды

Таза табиғи өнім. Алдағы уақытта оларды өзгелерінен ажырату анағұрлым оңай болады. Сенаторлар органикалық өнімді таңбалауға арналған заңды мақұлдады. Құжатта оны есепке алу мен қадағалау және басқа да талаптар нақтыланған. 

Мамандардың есебінше, әлемде органикалық азық-түлік нарығы соңғы 20 жылда 10 есеге өскен. Қаржы айналымы 135 млрд еуроға жетті. Дүниежүзінде шамамен 700 млн адам органикалық тағамды тұтынады. Бүгінгі таңда 188 ел осы өндіріспен айналысса, 75 мемлекетте органикалық өнім туралы заң қабылданған. Міне, енді біз де сол қатарға қосылудамыз.

Айта кетейік, Қазақстанда былтыр 14 мың тонна органикалық өнім өндіріліпті. Бұл – жалпы өнімнің бір пайызына да жетпейтін көрсеткіш.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:   

- Осы заңдар арқылы органикалық өнім өндірісі мен айналымының құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздері айқындалады. Сонымен қатар түзетулер аясында органикалық өнім нарығын мемлекеттік реттеу шаралары қарастырылып отыр. Жалпы мақұлданған заңдар отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін, сондай-ақ тұтынушылардың органикалық өнім нарығына деген сенімін арттыруға өз септігін тигізеді деп сенеміз.

«Болашақ» бағдарламасына қатысты дау. Сенат кулуарында осы мәселеге қатысты Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тілішлерге сұхбат берді. Оның сөзінше, бұл заңсыздық «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Жанболат Мелдешовтің кезінде болған.

Айта кетейік, бұған дейін Наталья Воробьёва мен Мақпал Дәрібаева Президентке үндеу жолдаған еді. Олар «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша оқып, артынша оқуын тастап кеткен стипендиат Валерия Гавриленкоға кепілгер болған. Ал Гавриленко 2019 жылы 2 пәтерін кепілден заңсыз шығарып, сатып жіберген де өзі Ұлыбританияға қоныс аударған. Енді «Болашақ» орталығы оқудың ақшасын қайтаруды екі кепілгерден талап етіп отыр.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- 2-3 күн бұрын Гавриленко өз кінәсін толық мойындап, екіжақты келісімшартқа қол қойды. Сол арқылы ақшаны қайтаруға өз міндетін қабылдады. Ақшаны қайтаруды бастады. Енді жауапты тұлғаларға да біз Бас прокуратура арқылы тиісті әрекеттерді бастайтын боламыз.