Ақтөбе облысындағы балалар үйі жұмысын тоқтатты
Өңірде жетім асырап алушылардың қатары көбейген. Соңғы он жылда 35 мыңнан астам бүлдіршін жаңа отбасын тапты. Бұдан былай елімізде жақындарынан айырылған балаларды әлеуметтік қолдау жүйесі жаңа бағытта дамиды.
Жетесовтер отбасы өнерімен қатар Ақтөбеге көпбалалы жанұя ретінде танымал. Жергілікті балалар үйінен 16 бүлдіршін алып, бауырына басқан. Патронаттық тәрбиеге алу өңірде балалар үйінің жабылуына тікелей әсер етті. Былтырдың өзінде 26 бүлдіршін осы жүйе бойынша жаңа отбасымен қауышқан. Әрбір бөбекке 24 050 теңге төленеді. Бұл – бюджетті үнемдеудің тікелей жолы. Мәселен, балалар үйіндегі әрбір тәрбиеленушіге күніне шамамен 5 мың теңге жұмсалып келген болатын.
Кенжеғазы Байғазин, «Алға» балалар үйінің бұрынғы директоры:
- Жаңа жылда балалар үйін қаржыландыру болған жоқ. Мені «Күншуақ» лагеріне директор етіп тағайындады. Ұжыммен сөйлестім. Бұл – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лагерь.
Бұл – осыдан жарты жыл бұрын түсірілген бейнежазба. Жетімдер үйінің ауласын балалар өздері абаттандырған. Ортадағы субұрқақ та – солардың еңбегінің жемісі.
Талантты тәрбиеленушілерден жасақталған вокалды-инструменталдық ансамбль де жұртшылықтың ықыласына бөленіп жүрді.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Балалар үйіндегі ішкі жиһаздардың көпшілігі дәл осы бөлмеде жасалған. Мына тігін машинасы сияқты құрал-саймандарды жергілікті талантты жастар кеңінен пайдаланған. Тіпті соңғы түлектердің қолымен жасалған мына бұйымдар әлі күнге дейін жиналмапты.
Отыз жылдық тарихы бар балалар үйінде 4 мыңға жуық бала тәлім-тәрбие алған. Былтыр бұл балалар үйінде оншақты тәрбиеленуші ғана қалған. Сөйтіп оларды бейімдеу орталығына қосу туралы шешім қабылданыпты.
Лиана Бисеналина, балалар үйінің тәрбиеленушісі:
- Ақтөбеге келгеніме бір ай болды. Мен өзім №29 мектепте оқимын. 11-сыныпты бітірейін деп жатырмын. Мынау – менің жататын бөлмем.
Жаңадан құрылған «Аяла» орталығына Лиана Бисеналинамен бірге келгендер – түгел оқушы. Мектеп бітіргенше осы жерді паналайды. Бір жағынан кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығынан келген 19 бүлдіршінге бас-көз болады.
Татьяна Литвинова, «Аяла» орталығы директорының орынбасары:
- Біз екі мекеменің балалары бір-бірімен қалай тіл табысады деп уайымдаған едік. Бірақ барлығы сәтті өтті. Осы уақыт аралығында балалар бір-біріне бауыр басып кетті.
Қазір облыста жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған 1011 бала бар. Өткен жылы 85 бүлдіршінді ет жақындары асырап алған. 17 бөбек жаңа отбасымен қауышты. Дегенмен басымдық патронаттық тәрбиеге беріліп отыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков