Қызғалдақтар фестивалі шетелдіктерді таңғалдырды
Елдің солтүстігіндегі бұл аумақ әсем көркімен дараланатын дала гүлінің нағыз отаны іспетті. Қонақтар қыр төсіне сән берген қызғалдақтарды тамашалап, ұлттық өнер мен салт-дәстүрімізге қанықты.
Бұл өңірде қызғалдақтың 3 түрі өседі. Соның ішінде әлемге әйгілі голланд қызғалдағының арғы тегі саналатын шренк гүлінің атамекені – нақ осы жер. Таза ауа, жұпар иіс, қазанда қызара піскен бауырсақ, сабада пісілген сары қымыз келген қонақтардың тәбетін қоздырмай қойған жоқ.
500 домбырашыдан құралған оркестрдің орындауындағы күйлер, сәйгүліктер жарысы мен палуандар күресі жиналған жұртты ерекше көңіл-күйге бөледі. Темір ағаштан түйін түйіп, қайыстан өрім өрген шеберлердің бұйымдары да көз қызықтырады.
Айдын Диханбаев, қолөнер шебері:
- Менің өріп жатқан қамшым – 6 өрім қамшы. Негізі менің жасап жүрген қамшыларым – тобылғы сапты қамшылар. Қазір көбінесе осылар сұранысқа ие.
Қаз-қатар тізілген киіз үйлер, ондағы жасаулар мен қазақы киімдер әсіресе шетелдіктерді таң-тамаша етті.
Татьяна Александрович, турист:
- Алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Маған бәрі ұнады. Осы жаққа тағы келсем деймін.
Ерлан Қалмақов, Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы:
- Табиғи байлықты насихаттау, соған өскелең ұрпақтың назарын аударту, қорғау мақсатында осындай фестиваль өткізіп отырмыз.
Қостанай облысында тұңғыш рет өткізіліп отырған қызғалдақтар фестивалі дәстүрлі шараға айналмақ.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтерберг