Қостанай облысында мал ауруы өршіп тұр
Қостанай облысының Калинин ауылында бруцеллездың жаппай таралуына байланысты шектеу шаралары енгізілді. Шағын елді мекенде жүзден астам ірі қарадан жұқпалы індет анықталып, оның бәрі мәжбүрлі түрде етке өткізілген. Кейбір үйдің қорасында тігерге тұяқ қалмаған. Тапсырылған малға төленген ақыға да тұрғындардың көңілі толмай отыр.
Калинин ауылының тұрғыны Оразалы Лезбаевтың биыл қорасы қаңырап бос тұр. Бірден сегіз бас сиыры бруцеллез жұқтырып, пышаққа іліккен.
Оразалы Лезбаев, Калинин ауылының тұрғыны:
-Ірі қара қалған жоқ. Міне төрт бұзау қалды. Сосын 7-8 қой қалды. Болды. Біраз мал кетті. Халық енді малмен күн көріп отыр ғой. Енді не істейді, ауылда отырмайтын шығар. Ертең кетіп қалады. Ауылда малсыз қиын ғой.
Қырық шақты үй түтін түтетіп отырған шағын ауылда шамамен 300-ге жуық ірі қара бар десек, ресми мәлімет бойынша соның 116-нан бруцеллез шыққан. Жергілікті халық тапсырылған мал саны одан да көп деп отыр. Берілген төлемге де көңілдері толмайды.
Үміткүл Мырзатаева, Калинин ауылының тұрғыны:
-Міне қора бос болып тұр. Қаншама 6 бас малымды бруцеллезге салынды. Кетті, жібердік. 1780 тенгеден арзан кетті. Мысалы, әйдік 450 мыңға алған сиыр 360 мыңға кетті. Арзан. Мен оның орынына сиыр ала алмаймын.
«Бруцеллезге қатысты облыста жағдай тұрақты»,– дейді ветеринария басқармасының мамандары. Былтыр өңірде 25 жұқпалы індет ошағы болса, биыл төртеу ғана тіркелген. Қазір сол төрт аумақ республикалық эпизоотикаға қарсы отрядтың бақылауында.
Аяз Даненов, облыстық ветеринария басқармасының бас маманы:
-Сою обьектісінде сол малдар сойылғанда патологиялық материалдар іріктеліп, алынып, лабороторияға жіберіледі. Сол лабороторияның сынақ хаттамасына сәйкес ошақты белгілейді. Сол ошақ белгіленгеннен кейін республикалық эпизоотикалық отряд тіисті шараны өткізеді. 15-20 күн сайын қан алып отырады. Шектеу шараларын екі теріс нәтижеге дейін ірі қара малдан қан алып отырады.
Бруцеллездің таралуына негізінен жануарлардың бақылаусыз тасымалдануы және қаңғыбас иттердің көбейіп кетуі себеп. «Жағдайды ушықтырып алмау үшін тез арада ауру малдан арылып, жаппай залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуі керек»,– дейді мамандар.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг