08:50Эфирде:Мультсериал «Путь Абая - путь воина»
+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

«Хабар» арнасының журналистері шеберлік сабақтарын өткізді

Khabar
Khabar

Биыл – «Хабар» Агенттігінің құрылғанына 25 жыл.

Мерейтой қарсаңында Агенттік басшылары әртүрлі игі шара ұйымдастыруды қолға алып отыр. Солардың бірі – болашақ журналистермен шеберлік сабақтарын өткізу. Алматы филиалы жаңалықтар бөлімінің бас редакторы Талғат Құспаев пен «7 күн» апталық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі Александр Трухачев Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты студенттерімен жүздесіп, тәжірибелерімен бөлісті.

Осыдан 25 жыл бұрын іргесін қалаған «Хабар» арнасы ақпарат тарату саласында тың серпін әкелді. Агенттік құрылған алғашқы кезеңде білікті мамандар жұмыс жасады. Олардың алды бүгінде зейнет жасына жетсе, бірқатар танымал әріптесіміз белді телеарналардың тізгінін ұстап отыр. Қазір төрт арнаны тоғыстырған «Хабар» Агенттігінде орта буын өкілдерінен бөлек, дарынды жастар да қызмет жасайды. Еңбек жолын Ақтөбе облыстық телеарнасынан бастаған Талғат Құспаев – бүгінгі таңда Алматыдағы жаңалықтар бөлімінің бас редакторы. Телевизияда тәжірибесі толысқан әріптесіміз ҚМЭБИ студенттерімен жүздесіп, шеберлік сабағын өткізді.

Салтанат Нұрғалиева, ҚМЭБИ студенті:

- Мен бүгінгі кездесуден көп нәрсе түйдім деп айтсам болады. Бұған дейін де шеберлік сабақтарына қатысып жүрміз. Әдетте дәріс беруші үлкен дайындықпен келіп бір шеңбердің төңірегінде ой қозғап жатады. Ал Талғат өзін еркін ұстап, басынан өткен оқиғаларды қызықты етіп баяндап берді. Ақыл-кеңесін айтып, керемет идеялар тастады.

Болашақта өздерін медиа кеңістігінде көргісі келетін жастар сан түрлі сауал қойып, пікір алмасты. Әріптесіміз әлеуметтік желі дамыған заманда телевизияның атқарар міндеті мен рөлі туралы ойларымен бөлісті. Қазіргі кезде жастардың көбі көрерменнің көкейіндегі түйткілге жауап бере алатын хабар берудің мәніне терең үңіле бермейді. Олардың діттегені – көгілдір экраннан көріну. Диктор болу да оңай емес немесе телерепотажды түйіндеп, яғни айтар ойыңды қазіргі тілмен айтқанда стендап арқылы көрерменге жеткізудің де өзіндік ерекшеліктері бар екенін астаналық әріптесіміз Александр Трухачев айтып берді.

Аружан Ақназар, ҚМЭБИ студенті:

- Бүгінгі шеберлік сабағында білімімізді кеңейте түстік. Сондай-ақ медиа саласындағы журналист пен диктордың айырмашылығын айыра бастадық. Және бізге өзінің басынан өткерген тарихымен бөлісіп кетті.

«Хабар» арнасында айтары бар азаматтар аз емес. Алдағы уақытта да біздің әріптестеріміз тележурналистикадағы өз тәжірибелерімен бөлісетін болады.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Кенже Амраев, Валентин Лобанов

Сондай-ақ...

Серіктестердің жаңалықтары

Загрузка...