«Ана тілі» аруы – «Таңғы Хабар» жүргізушісі
Раушан Әріппен тілдескенімізде бағдарламаны жүргізуге кастингтен өтіп, бірнеше үміткердің ішінен таңдалғанын айтты. «Мені жүргізушілікке бағымды сынап көруге бағдарламаның басшылық тобы шақырды. Олар менің студент кезімдегі «Айбын» әскери-патриоттық бағдарламасын жүргізіп, жарты жылдай жинаған тәжірибемді ескерген болуы керек», – деді.
«Таңғы Хабар» ақпараттық-танымдық бағдарламасы көрерменге сәуір айынан бастап жол тартты. Тың дүниелерді танытып, халықтың жүрегінен орын алып, өнерсүйер қауымды сағындырған өнер адамдарын, көрінбей кеткен, елге айтары бар тұлғаларды эфирге шақырып, көрермен қауыммен жүздестіруде.
Айта кетейік, аталған бағдарлама дүйсенбі мен жұма күндері аралығында таңертеңгі сағат 8:10-нан 09:00-ге дейін көрсетілуде. Бағдарламаның алғашқы қонақтары дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова, көрінбей кеткен әншілер Асқар Жүнісбеков, Бауыржан Ибрагимов, «Қазақ аруы – 2018» байқауының жеңімпазы Нәбира Рахымжан болды.
«Таңғы Хабар» – жан-жақты мағлұмат беретін, таным көкжиегімізді кеңейтетін, тұщымды ой айтатын бағдарлама. Алдағы уақытта бағдарламаның уақыты ұзара түспек. Аталған бағдарламаны, сонымен қатар танымал пародист Олжас Сыдықбек және журналист Гүлбаршын Заирова да жүргізеді.
Авторы: Фарида Мұңалқызы
Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz