Дәурен Абаев: «Хабар» Агенттігі жауапты жұмысты ойдағыдай атқарып шықты
3 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласында «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген «Бекзат» көркем фильмінің алдын ала жабық көрсетілімі өтті. Шараға Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың ата-анасы Түркістан қаласынан арнайы келді. Сондай-ақ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев сөз сөйледі.
«Қымбатты достар! Кеше «Бекзат» фильмінің жабық көрсетілімін өткіздік. Бұл – жиырма-ақ жыл өмір сүріп, қазақтың абыройын, қазақ боксының мәртебесін асқақтатқан даңқты бокшымызға арналған туынды. Портреттік фильмді көрермен көп күтті. Біз оны білеміз. Алайда осы тақырыпқа асығыс, дайындықсыз келу дұрыс болмайтын еді. Бұл Бекзаттың рухы алдындағы, халық алдындағы үлкен жауапкершілік болатын. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдады, «Хабар» Агенттігі жауапты жұмысты ойдағыдай атқарып шықты. Фильмде – Бекзаттың боксқа келуі, Сидней олимпиадасына дейінгі жеңістері, алдынан шыққан кедергілері, тоқсаныншы жылдардың аяғындағы елдің тұрмысы бейнеленген. Көрсетілімге бокшының ата-анасы Түркістаннан арнайы келді. Кеше Бекзаттың анасы – Сырлыкүл апамыздың туған күні екен. Ол кісі премьераның дәл кеше болғанын жақсылыққа жорыды. Фильм осы жылдың қазан айында ел тұрғындарының назарына ұсынылады. Ал алты сериядан тұратын толық нұсқасы желтоқсан айында «Хабар» Агенттігінің эфирінен көрсетіледі. Ұлт мақтанышы Бекзат Саттархановтың есімі, бейнесі елдің жүрегінде мәңгі сақталады», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында.