Ринат Думанұлы: Мақсатымыз – отандық сапалы контент жасау
– Ринат Думанұлы, «Хабар» Агенттігі жаңа маусым шымылдығын ашты. Дайындық қызу болған сияқты?
– Рахмет. Расында, әр жаңа маусым кез келген телеарна үшін алға жылжуға серпін береді. Бұл біз үшін де көрермен көзайымына айналу, оларды қуанту жолындағы үлкен мүмкіндік. Сол себепті де Агенттік Төрағасы Ерлан Бекхожин бастаған «Хабар» шығармашылық ұжымының дайындығы жылдағыдан жоғары. Қазан айының тура мағынасындағы қайнаған шағы осы сәт болып жатыр. Көпшілік көрерменді ауқымды жобалар, телехикаялар және фильмдермен қуантпақ ниетпен жаңа маусымның шымылдығын ашып, бастап кеттік.
– Жуырда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев биылғы «Junior Eurovision Song Contest» (Балалар Еуровидениесі) халықаралық ән байқауына Ержан Максим қатысып, ел намысын қорғайтындығын хабарлаған болатын. Сондай-ақ министр, Қазақстанның бұл додаға екінші мәрте қатысуға мүмкіндік алғанына «Хабар» Агенттігінің елеулі еңбегі бар екенін атап өтті. Дайындық қалай болып жатыр? Толығырақ тоқталып өтсеңіз...
– Иә, расында «Хабар» Агенттігі – 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауын ұйымдастыратын Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі. Өткен жылдан бері аталған байқауға өз мемлекетіміздің атынан үміткерімізді ұсынуға мүмкіндік алдық. Естеріңізде болса, «Балалар Еуровидениесі - 2018» ән сайысына алғаш рет еліміздің намысын Данэлия Тулешова қорғады. Биыл Ержан Максим бақ сынағалы отыр. Бүгінде Ержан Ресейдің атақты композиторы Игорь Крутойдың Мәскеудегі музыкалық академиясында білім алуда. Жақында Алматы қаласында өткен баспасөз отырысында «Junior Eurovision» ән байқауына дайындығы жөнінде ой бөліскен болатын. Халықаралық өнер додасының шарты бойынша қатысушылар еш жерде жарияланбаған, ұзақтығы 3 минутқа дейінгі композицияны табиғи дауыста орындауы қажет. Ержан «Арманыңнан қалма» деп аталатын әнін қазақстандықтарға таныстырып, тұсауын кесті. Қазіргі таңда 24 қараша күні Польшаның Гливице қаласында өтетін «Junior Eurovision Song Contest» финалына ерекше назар аударып отырмыз. Ержан Нұр-Сұлтан қаласына келіп, осы жердегі ресми делегациямен бірге Польшаға аттанады. Ол өзіне артылған жауапкершілік пен үкілеген үмітімізді түсініп жүр. Сондықтан жерлесімізге сенім білдіріп, қолдау көрсеткен дұрыс.
Сонымен қатар «Хабар» Агенттігі Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағының мүшесі ретінде, бүкіл әлемге танымал Димаш Құдайбергенге Жапонияда өтетін халықаралық Азия-Тынық мұхиты телефестиваліне («ABU TV Song Festivals») қатысуды сеніп тапсырды. Бұл ретте біздің ұсынысымызды қолдап, ел атынан үлкен шараға қатысуға бара жатқан Димаш Құдайбергенге алғысымызды білдіреміз. Жалпы, «Хабар» Агенттігі қашанда дарынды азаматтарымызға қолдау білдіріп, көмектесіп келеді.
– Әлемнің ең үздік жобаларының бірі «Got Talent» «Хабар» арнасының эфирінен жүріп жатыр. Аталған жоба туралы кеңірек айтып өтсеңіз?
– Рас, осы күздің басты жобаларының бірі – Central Asia’s Got Talent шоуы. Бұл – Орталық Азиядағы ең ауқымды, ең ірі өнер алаңы. Жобаға Қазақстанмен қатар қырғыз, өзбек және тәжік ағайындардың өнерпаздары қатысады. Осы уақытқа дейін аталған формат лицензия арқылы әлемнің 70 елінде тараған. Сондай-ақ әлемдегі ең сәтті телевизиялық формат ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.
Сол себепті шоу біздің көрермен үшін де қызықты боларына сенімім мол. Бұл байқаудың басты ерекшелігі – қатысушылардың жасы мен талантына шектеудің жоқтығы. Өнер алаңында әнші, биші, цирк, иллюзия өнерінің өкілдері және басқалар дарынын көрсетеді. Оған қоса Орталық Азияға ортақ жоба болған соң шоу бізде «Хабар», Өзбекстанда «Zoʻr TV», Қырғызстанда «КТРК» және Тәжікстанда «ТВ Сафина» телеарналарынан көрсетіледі. Яғни, жеңімпазды осы елдердің көрермендері бірдей таниды деген сөз. Қызықтың бәрі алда деп ойлаймын. Жыл соңына дейін жартылай финал, финал тікелей эфирде көрсетілетін болады. Шын мықтыны сол тікелей эфирде көрермендермен бірге анықтаймыз.
– Жаңа маусымда «Хабар» телеарнасынан тағы да қандай жаңа жобалар шығады?
– Жаңа маусымдағы жаңа бағдарламаларға келетін болсам, «Патриот», «Жауынгер», «Олжалы отбасы», «Новый курс», «Прайм тайм» сынды бағдарламаларды көрерменге ұсындық. Сонымен бірге «Білім», «Art global», «Религия сегодня», «Большая неделя» бағдарламаларын әрі қарай жалғастырамыз. Көрермен көзайымына айналған «Қарақатпен шай», «Қызық times», «Тарих.Тұлға.Тағдыр» жобалары да эфир ажарын аша түспек.
Тың тақырыптар мен әлеуметтік мәселелерді жан-жақты зерттейтін, сан-сауалдарға жауап іздейтін, халықтың мүддесіне қызмет ететін – «Біздің назарда», оның орыс тіліндегі нұсқасы – «Народный контроль» өз жұмысын жалғастырады. Қоғамның өзекті мәселелерін талқылайтын «Qoǵamdyq talqylaý» ток-шоуы әр сейсенбі сайын тікелей эфирде халыққа ұсынылып отыр. Интерактивті алаң ретіндегі бұл жобаны – белгілі саясаттанушы, журналист, жүргізуші – Саят Жөкен мен агенттігіміздің тележүргізушісі, журналист – Жансая Қожахметова тізгіндеуде. «Большая неделя», «Давайте говорить» жобалары да тікелей эфирде шығып жатыр. Бір ерекшелік сол – қоғамдық, саяси, дискуссиялық форматтағы бағдарламаларды live форматында көптеп шығарып жатырмыз.
Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін уақытынан бұрын тоқтатқаннан кейінгі өзінің алғашқы сұхбатын «Хабар» Агенттігіне қазан айында бергенін айтқым келеді. Жалпы, қоғамдағы өзекті деген мәселелерді, актуалды тақырыптарды оперативті түрде таратып, конструктивті сын негізінде зерттеп, соны шешуге ұмтылып жатырмыз. Бұл – бағдарламалардағы да, жаңалықтардағы да басты тренд деуге болады.
– Бүгінде отандық телехикаялардың, отандық кинофильм өнімдерінің саны артып келеді. Бұл көңілге қуаныш ұялатады. Ал осы отандық киноөнімдерге қызығушылық танытатын көрермендердің сұранысы қандай?
– Бүгінде көрерменнің талғамы мен талабы жоғары. Қазақтілді аудиторияның сұранысы артпаса, кеміген емес. Осы тұрғыдан, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен түсіріліп жатқан «Хабар» Агенттігінің фильмдері қашанда көрерменнің оң бағасын алып келеді. Биылғы жаңа маусымды «Балтакөлде бақытым», «Қарлығаш ұя салғанда 2» телехикаяларымен бастадық. Қыркүйектің екінші жартысынан бері қарай «Мәдениет үйі» мен «Рауза» телехикаялары, «Көкжал» драмасы көрерменге жол тартты. Әрі қарай, қараша айында «Армандастар» комедиясы, «Кебенек» драмасы мен «Дала қырандары» көрермен назарына ұсынылады. «Бекзат», «Қаламгер» сынды бірқатар жаңа көркем фильмдердің тұсауы кесілді. Барлық кинотуындыларымызда қаланың, ауылдың өмірін, тыныс-тіршілігін көрерменге көрсетуді басты мақсат етіп келеміз. Тіпті бұл телехикаяларымызды шетелдік телеарналарда көптеп сатып алуда. «Хабар» Агенттігі түсірген «Ана жүрегі», «Аға», «Өгей жүрек» сынды сериалдарымызды көршілес өзбек елінің телеарналары сатып алып, өз тілдерінде дубляж жасап, көрсетіп жатыр. Сонымен бірге олар Youtube желісінде де көп қаралып, үлкен ықыласқа ие болып жатқаны жасырын емес.
Жуырда ғана «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген «Алтыншы бекет» («Шестой пост») атты телехикая 80-ге жуық картинаның ішінен Молдовадағы тоғызыншы «ТЭФИ-Достастық» халықаралық телевизиялық фестивалінің жеңімпазы атанды. Фильм 2010 жылы қатаң режімдегі түзету колониясынан қашқан сотталушылар туралы шынайы оқиға желісімен түсірілген болатын.
«Хабар» Агенттігінің туындылары жуырда өткен MIPCOM халықаралық аудиовизуалды нарығына шығарылды. Көрме жыл сайын Канн қаласында өтеді. Онда дүние жүзінің эфирлік, кабельдік, цифрлы және жерсеріктік телевизия және радиохабар тарату саласындағы фильмдер мен бағдарламалар өндірушілері бас қосады. Канн фестивалі аясындағы көрмеге қатысудағы мақсатымыз – отандық көрермендерге қызықты болатын өнімді табу. Сонымен қатар агенттік өндірген туындыларды әлемдік нарыққа шығару. Онда бірнеше телекомпаниямен келіссөздер жүргізілді. Шетелдік өнімдерді тарату жөнінде ұсыныстар алдық.
– Көркем фильм деп қалдыңыз, бұл туындыны кинотеатрлардан көреміз бе?
– Иә, жоғарыда айтып өткенімдей, өткен жылдан бастап «Хабар» Агенттігі өз фильмдерін үлкен экрандарға шығаруды қолға алды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында біраз дүниелер атқарылып жатыр. Оған дәлел – қыркүйек айында жарыққа шыққан кеңес дәуіріндегі партия идеологиясының қытымыр қысымында қалған қазақ қаламгерлерінің өмірі туралы «Қаламгер» тарихи драмасы, қазан айының басында еліміздің кинотеатрларынан көрсетілген – Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістігі туралы «Бекзат» фильмі. «Қаламгер» тарихи драмасының да, «Бекзат» биографиялық кинотуындысының да сериалдық нұсқасы тәуелсіздік мерекесі қарсаңында эфирге шығады деп жоспарлануда. «Хабар» Агенттігі байопик жанрында сериалдар түсіру дәстүріне қашанда берік, сол дәстүрді жалғастырып жатқанымыздың бір белгісі ретінде Мұхаммед Хайдар Дулатиға арналған «Дулати» телехикаясы тәуелсіздік мейрамы күнінде көрермен назарына ұсынылады деп отырмыз. Тарихын ұмытпаған, ұлыларын ұлықтаған елдің келешегі кемел, бірлігі мығым болатыны сөзсіз ғой. Ал біз осы туындыларымыз арқылы бүгінгі ұрпаққа ел ерлерінің есімін тағы бір мәрте ұлықтағымыз келді.
– Агенттікте тағы қандай жаңалықтар болып жатыр?
– «Хабар» арнасындағы жаңалықтардың форматын да өзгертіп жатырмыз. Жаңалықтардың тақырыптары, оларды беру формасы өзгерді. Қоғамдағы маңызды, өзекті, өткір әлеуметтік мәселелер енді жиі көтеріледі. Мемлекеттік мекемелердің, шенеуніктердің, құзырлы органдардың қателіктерін, жұмысындағы кемшіліктерді ашық көрсетеміз, зерттеу жүргізіп, конструктивті негізде ел аузындағы мәселелердің мән-жайын анықтап, кінәлі тарапты ашық айтамыз, қоғамдық тәртіпке шақырамыз. Әлеуметтік проблемаларды шешуге тырысамыз. Бұл – жаңалықтардың басты тренді. «Хабар» мен «Хабар 24» арналарының жаңалықтарында сараптамаға басымдық беріліп, тікелей эфирлер көбейіп жатыр. Бір материалға тек біржақты пікір бермей, бірнеше сарапшының түрлі пікірінің айтылуын қадағалаудамыз.
Агенттікке қарасты телеарналарда спорттық жаңалықтарға да жіті назар аударылуда.
– «Хабар» Агенттігі құрамына төрт телеарна кіретін үлкен медиа компания. Өзге үш арнада нендей өзгерістер бар?
– Дұрыс айтасыз. Агенттікке қарайтын «Хабар 24» телеарнасы тәулігіне 24 сағат ақпарат тарататын Қазақстандағы алғашқы телеарна. Сағат сайын халықты соңғы жаңалықтармен құлағдар етіп отырады. Жаңа маусымнан бастап «Хабар 24» арнасы тікелей эфирде хабар таратудың уақытын көбейтуде. Ауқымды шаралардың үстінен, оқиға орындарынан тікелей эфирде ақпарат жеткіземіз. «Хабар 24» бірден-бір ақпараттық арна болғандықтан, мемлекеттік, қоғамдық маңызы бар оқиғаларды негізге ала отырып, аналитикалық бағдарламалардың, live форматындағы жобалардың, журналистік зерттеулердің, тікелей эфирлердің саны артуда.
«Kazakh TV» – HotBird 13B, Galaxy 19 и AsiaSat 5 жерсеріктерінің байланысы арқылы 4 құрлықтағы 118 мемлекетті эфирімен қамтып отырған еліміздегі тұңғыш ұлттық жерсеріктік телеарна. Телеарнада шығып жатқан дүниелер 100% отандық өнім. Қазір 300 миллион көрерменге дәстүр, тарих және елдің туристік және инвестициялық әлеуеті секілді сан саланы қамтитын түрлі бағдарламаларын ұсынып келеді. Жаңа маусымда арнаның қоржыны «Qazaq live» бағдарламалар топтамасымен толықтырылды. «Qazaq live» циклы аясында эфирге жол тартқан жобаларға тоқталатын болсам: көшпелі өркениет тарихы мен Еуразия елдерінің өзара қарым-қатынастары жайлы «Keń dala» жобасы, қазақ әдебиеті туралы, қазақ әдебиетінің қарымы мол қаламгерлері мен олардың шығармалары туралы «Book club» бағдарламасы, Қазақстанның айтулы күндері туралы «Important dates in Kazakhstan» жобалары. Сонымен қатар көшпелі өркениет кезеңінде жасалынған музыкалық аспаптар туралы «Folk art», Тамара Асар тізгіндейтін ұлттық дәстүріміз туралы – «Дәстүр», Айнұр Тұрсынбаева жүргізетін түркі халықтарының ас мәзіріне арналған – «Тағам» көрерменге жол тартты және «Kazakh TV» телеарнасының ұлттық ойындарға қанық ең ауқымды жобасы – «The nomads» реалити-шоуының жаңа маусымда көрерменге жол тартқанын атап өткім келеді.
Агенттікке қарасты, еліміздің кино және театр өнеріне арналған – «El Аrna» телеарнасына тоқталып өтсем, арнаның кино қоржыны Түркі әлемі елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің «Алтын қорында» сақталған ленталармен толықты. «El Аrna» арнасының биылғы басты жаңалығы – еліміздің жетекші театрларының спектакльдерін көрсете бастауы. Осы орайда заманауи қойылымдардан бөлек, өткен жылдарда түсірілген телеспектакльдерді де тамашалауға болады. Бұл да көрерменмен қауышудың бірден-бір құралы деп білеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен: Мирас Асан
Ақпарат көзі: egemen.kz