Хабар телеарнасы

Ерке Есмахан «Келінжан 4» телехикаясында медбике рөлін сомдайды

Ерке Есмахан «Келінжан 4» телехикаясында медбике рөлін сомдайды

Көрермендер «Хабар» арнасының жаңа маусымында «Келінжан 4» туындысының 40 сериясын тамашалай алады. Телеарнаның баспасөз қызметінде мәлімдегендей, авторлар «Келінжанның» тұрақты кейіпкерлерін үйреншікті образдарында қалдырып, актерлердің негізгі құрамын 100% сақтап қалды.

«Келінжан 4» хикаясындағы тағы бір жағымды жаңалықтардың бірі – жаңа кейіпкерлердің қосылуы. Көпшілікке танымал актерлер Жұлдызай Дүйсенбиева мен Алмат Сақатов ауылдың жаңа әкімі және оның жұбайы рөлдерін сомдайды. Өте сәтті шыққан бұл образдар – эпизодтық емес, толыққанды кейіпкерлер.

Жаңа маусымда төбе көрсететін тағы бір жұп – ауылға көшіп келген отбасы. Ақерке Арыс Бекмырзақызы мен Нышанбек Жұбанаев сомдайтын жаңа кейіпкерлер көрерменді бейжай қалдырмайтыны анық. Сондай-ақ, бұл жолы жобаға қазақ эстрадасының жұлдыздары да тартылды. Мәселен, Ерке Есмахан ауыл дәрігерінің рөлінде ойнаса, Нұрболат Абдуллин эпизодтық сахнаға шақырылды.

Жоба авторлары атап өткендей, жалпы төртінші маусым интригаға толы болады. Жуас деп жүрген Қылышбек түрлі «өнер» шығарады. Сондай-ақ алғашқы маусымдағы сері жігіт Нартай ауылға оралады. Ал Мәдібек пен Балқияның тағдыры көрермен ойлағаннан да күрделірек болады. Асылым да ешкім күтпеген шешім қабылдайды. «Хабар» Агенттігінің тапсырысымен 2018 жылдан бері түсіріліп келе жатқан телехикаяның осыған дейін жалпы 55 сериясы көрсетілді.

«Келінжан» қазақ ауылының қарапайым бір отбасындағы Күләш апа мен келіндері арасындағы қарым-қатынасқа құрылған. Телехикая Youtubе пен арна эфирінде ең жоғары рейтингке ие болды, бүгінге дейін телехикаяны Youtubе-та 120 миллионға жуық көрермен тамашалады.

nur.kz