Қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан қиын кезеңде жетімдер үйінен 10 бала асырап алған Нұрлан мен Қарлығаның көрген қиындықтары, адами қарым-қатынас көрерменді бірден баурап алады. Сериал өмірде болған оқиға ізімен түсірілген. Телехикаяны көру арқылы балалық шақ естелігін еске түсіресіз және отбасылық махаббаттың мәнін түсінесіз.
Отбасы құндылығын түйсіну, берекеге ұйысу бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі екені анық. Халқымыз талай күрделі кезеңді бастан өткерсе де отын өшірмей, ұрпағын өсіруге ерекше ден қойған. Өйткені, тіккен отауын қамқорлықтың ұясына айналдыру, татулықтың тірегін бекем ету – шаңырақтың шайқалмауына негіз болады. Өзінікін былай қойғанда, өзгенің баласын бауырына басып, ізгі амал істеу үлкен жауапкершілік жүктейді.
Телехикая кейіпкерлері үшін он баланының күтімі оңайға соқпайды. Қарлыға жұмысқа шыға алмай қалады. Нұрлан бұрын екі адамды асырауы керек болса, қазір он екі адам үшін жұмыс істейді. Балалардың да мінезі әр түрлі, олармен тіл табысу да оңайға соқпайды. Біреуі өз ата-анасын іздеймін деп үйден қашса, енді бірі мектепте бұзықтық жасап, Қарлыға мен Нұрланды әуреге салады.
Бірақ Қарлыға мен Нұрланның махаббатын сезінген балалар өздерінің бір отбасы болғандарын, енді олардың үйі осы жер екенін түсінеді. Нұрлан саудаға шығып, қаржылық жағдайлары да жақсара түседі. Екеуі туған балалары мен асырап алған балаларын бөліп жармай бірдей тәрбиелейді.
Өмірлік маңызы мен тәрбиесі, көрсетер өнегесі бар телехикая көргілеріңіз келсе, дүйсенбі мен жұма аралығында күн сайын сағат 22:00-де «Хабар» арнасын қосыңыз!
Дереккөз: baribar.kz
25.01.2023