Алмагүл Ахметжанова: «Хабар» агенттігін оң өзгерістер күтіп тұр
– Алмагүл Ауғалиқызы, осы маусым ерекшеліктермен басталды, мұны арналарыңыздағы өзгерістерден байқап үлгердік. Осы жылы көрерменге дайындаған жаңалықтарыңыз көп сияқты.
– Биылғы күзгі маусым ерекше. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырмасымен осы жылдан бастап агенттікте трансформация жүргізілуде. 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын дайындау барысында арнайы зерттеулер жасалып, агенттік қызметі сарапталды. Трансформация аясында ішкі бизнес үрдістер өзгеріп қана қоймайды, сонымен қатар арналардың контенті және оларды тарату тәсілдері де жақсарады. Қызметкерлерімізді оқыту және біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударудамыз. Қазіргі уақытта «ТРТ» түрік холдингімен ынтымақтастық жөнінде келісім жасалуда. Түрік телеарнасының аумағында 150 қызметкерді оқытпақпыз.
«Хабар24» арнасы 100 пайыз өз өнімін көрсетеді
Агенттік құрамына 4 арна («Хабар», «Хабар 24», «Білім және мәдениет», «Kazakh TV») кіреді. Жаңа маусымда олардың алдында жаңа міндеттер тұр: біріншіден, қоғамды қызықтырған өзекті мәселелерді талқылайтын алаңға айналу, екіншіден, көрерменді зияткерлік дамуға ынталандыратын телеөнімдер дайындау, үшіншіден, елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалар жөнінде жылдам және шынайы ақпарат беру, төртіншіден, мәдени мұрамызды көрерменге көбірек таратып, жеткізу, жас ұрпақты төл мәдениетімізбен жақынырақ таныстыру.
– «24KZ» арнасының атауы неліктен өзгерді?
– Тек атауы ауысқан жоқ, «24KZ» арнасында ребрендинг жүргізілді. «Хабар 24» енді ортақ телеотбасының құрамында. Мұндай тәжірибе әлемдік медиахолдингтер арасында кеңінен таралған. Мысалы, ВВС корпорациясы құрамында BBC One, BBC Two, BBC World News және басқалары бар. Жаңарған арнаның эфирі түрлі жанрдағы бағдарламалармен толықты. Негізгі күш сараптамалық және репортаж бағытындағы жобаларға жұмсалуда, яғни эфирде сапалы сараптамалық бағдарламалардың қатары ұлғайып, репортаж жанрындағы бағдарламалардың үлесі артты, сондай-ақ аймақтардың тыныс-тіршілігі туралы жобалар көбейеді. Ашылған күннен бастап 24 сағат бойы жаңалықтар таратуға негізделген телеарна әрі қарай да жаңалықтардың жаршысы болып қалады. Шапшаңдық және шынайылық – олардың басты ұстанымы. Сонымен қатар арнаның эфирлік бейнекөрінісі және ресми сайттың интерфейсі де өзгерді. Жаңарған сайт қолдануға қолайлы және жаңалықтарды іздеу барысында жеңіл болып жасалған.
– Арна атауының өзгеруін көрермен қалай қабылдады?
– Бізді қолдаушылар да, сынаушылар да табылды. Менің ойымша, бұл дұрыс, әр адамның өз ойы, өз көзқарасы бар. «Хабар 24» деген атауды қабылдап, үйрену үшін уақыт керек.
– «Хабар 24-тің» негізгі мақсаты 24 сағат ақпарат тарату болатын. Бағдарламалар саны артса, жаңалықтар көлеңкеде қалып қоймай ма?
– «Хабар 24» – Қазақстандағы тәулік бойы жаңалық тарататын алғашқы телеарна. Жаңа маусымда бұл үрдіс қала бермек. Көрермен 30 минут сайын елімізде және әлемде болып жатқан ақпараттар легімен танысады. Біздің түсірілім тобы қоғамда болып жатқан оқиғаларды қалт жібермеуге тырысып, оны шапшаң түрде көрерменге ұсынады. Арнаның басты ерекшелігі – эфирде шығатын бағдарламалардың барлығы 100 пайыз қазақстандық өнім. Сондықтан келтірілген мәліметтер мен көтерілген мәселелер өзіміз, тікелей қазақстандықтар үшін жасалады. Алдағы уақытта да осы дәстүрді сақтап қалғымыз келеді.
– «Kazakh TV» мен «Білім және мәдениет» арналарын біріктірудің себебін түсіндірсеңіз.
– 25 қазан күні жаңарған және кеңейген пішімдегі имидждік-танымдық арна эфирге шығады. Бұл екі телеарнаның ұсынатын өнімдері бір арнада түйіседі, екеуі де Қазақстанның бай мәдениеті, салт-дәстүрі, тамыры тереңде жатқан тарихы, сонымен қатар туризм саласына қатысты бағдарламалар көрсетеді. Телеарналарды біріктіру отандық және шетелдегі көрерменнің қызығушылығын қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Оның үстіне біріккен арнаның контентін жасауда негізгі күш мәдени-тарихи құндылықтарға, сондай-ақ өнер және мәдениет салаларындағы отандық «брендті» жандандыру үшін танымдық жобаларға бағытталады. Көрермен қазақ халқы және елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлттардың салт-дәстүріне саяхат жасауға мүмкіндік беретін «шынайылық» жанрындағы танымдық-ойын-сауықтық бағдарламалар көреді. Қызықты фактілер мен зерттеулерге негізделген тарихи оқиғалар жөнінде деректі фильмдер тамашалайды. Сол себепті біз «Білім және мәдениет» телеарнасындағы үздік танымдық жобаларды біріккен арнаның эфиріне шығарамыз. Яғни халық сүйіп көретін хабарларды сақтап қалуға тырыстық.
Сондай-ақ аталған арнадағы «Өмір жолы», «Егіз жүрек», «Тайны и судьбы великих казахов» сынды жобалар жаңа маусымда «Хабар» арнасынан көрсетіледі. Ескере кетерлік тағы бір жайт, «Білім және мәдениет» арнасындағы асыл мұраларымыз – әлемге ұсынатын туындылар. Бұл жылдам дамып келе жатқан мемлекеттің имиджін нығайта түсуге, отандық брендті шетелдік нарықта одан әрі жылжытуға, еліміз және оның тыныс-тіршілігі туралы шетелдік аудиторияның оң көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ арнаның контенті 100 пайыз отандық бағдарламалар, сериалдар және арнайы жобалардан құралған.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, біріккен «Kazakh TV» арнасы екі бірдей мәселені шешеді: біріншіден, Қазақстанды әлемге таныту қызметін жалғастырады, екіншіден, мәдениет, өнер, тарих және ұлттық дәстүрді қолдайтын, ой-өрісі кең ересек, парасатты қазақстандықтарды біріктіреді.
«Хабар» бұрын-соңды бізде болмаған шоу ұсынады
– «Хабар» арнасында қандай жаңалықтар болмақ?
– Жаңа маусымда эфирге «Біздің назарда», орыс тілінде «Важно знать», «Народный контроль» хабарлары әзірленуде, алдағы уақытта «Давайте говорить» әлеуметтік бағдарламасы шығады деп жоспарлануда. Жобалардың саны да, сапасы да артты. Бұл хабарлардың барлығы азаматтарымыздың қажеттілігі мен мұң-мұқтажына бағытталған.
Жалпы күзгі маусым жаңалыққа толы. Басты өзгерістің бірі «Хабар» өз бағытын өзгертті. «Хабар» енді көпжанрлы, әлеуметтік бағыттағы арнаға айналады. Біз сараптамалық, публицистикалық және деректі жанрларға басымдық беріп отырмыз. Мұны көрермендеріміз де байқаған болар. Сонымен бірге күндізгі жаңалықтар жабылып, кешкі қорытынды жаңалықтар ғана қалды. Соған сай арнайы жаңа студия жарақталды. Енді сараптамаға көбірек мән беріліп, күннің басты тақырыптары мен оқиғалары ғана таразыланады. Әлеуметтік сала, экономика, геосаясат сияқты тақырыптар жіктеліп, оларға сол саланы жетік білетін аналитик-журналистер шолу жасайды.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бірқатар жаңа жобалардың өндірісі басталып та кетті. Осы айдан бастап туған жерімізді аралап, халықтың тұрмысы мен тыныс-тіршілігін көрсететін «Экспедиция 25» көліктік экспедициясының көрсетілімі басталды. Жыл соңына дейін «Код нации», «Тәуелсіздік толғауы» деректі фильмдерін, «Наши 25», «Пай-пай 25» арнайы бағдарламаларын ұсынғалы отырмыз. Сондай-ақ Тәуелсіздік тойына арналып мерекелік бейнебаяндар мен роликтер дайындалуда.
– Ал ойын-сауықтық, танымдық жобаларды көрсету жоспарларыңызда бар ма?
– «Биле, Қазақстан!» атты би сайысының тұсауы жақын күндері кесіледі. Мұндай ауқымды телевизиялық жоба елімізде бұрын-соңды болмаған және бұл бағдарламаны қазақстандықтарға көрсету үшін біз «Endemol Shine Group» компаниясымен ұзақ уақыт келіссөздер жүргіздік. Бұл шоу алғаш рет 2005 жылы Америка Құрама Штаттарында «So You Think You Can Dance» деген атаумен көрсетілген. Қазіргі таңда 10-нан астам «Эмми» сыйлығын жинаған. Жоба барысында еліміздің үш қаласында іріктеу жүргізіліп, 2 мыңға жуық биші өз бағын сынады. Өнерпаздардың арасынан үздіктер таңдалып, олар төрт апта бойы «Хабар» арнасының тікелей эфирінде сайысқа түседі. «Биле, Қазақстанның!» мақсаты – еліміздің барлық тұрғындарын би билеп, саламатты өмір салтын ұстануға шақыру. Шалғай аймақтағы жастардың бойындағы талантын көрсетіп, бүкіл елге танылуға мүмкіндік беру. Бұл жай ғана би сайысы емес, әлеуметтік-идеологиялық маңызы жоғары, халықты бірлікке, татулыққа, достыққа шақыратын жоба. Сонымен қатар осы маусымда рейтингі жоғары, көрермендер сүйіп көретін «Бенефис-шоу», «Ду-думан» сынды хабарлар әрі қарай жалғасын табады.
Телехикаялар өндіруде өзіндік бағытын қалыптастырған «Хабар» агенттігі бұдан әрі отандық кинематография саласын дамытуға үлесін қоса береді. Биыл көрерменге ұсынар сериалдар мен фильмдеріміз аз емес. Жыл соңына дейін жеті бірдей жаңа туынды көрсетуді жоспарлап отырмыз. 19 қыркүйектен бастап аналық махаббат пен жетім балалардың тағдырын суреттейтін «Өгей жүрек» сериалы эфирге шықты. Сондай-ақ Абайдың қара сөздерінің философиясына негізделген «Ақылдың кілті. Өмірдастан» телеэпопеясының жалғасы мен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан өндіріс орындары, Қазақстанда жасалған өнімдер, отандық кәсіпкерлерді қолдау жөнінде «Бәсеке 2» хикаясы жалғасын табады. Сонымен бірге «Унесенные рейсом» атты теміржол қызметкерлерінің жолдағы шытырман оқиғалары туралы жаңа сериал түсірілуде. Жыл соңына қарай соңғы уақыттарда қазақ елі сүйіп қарайтын спорт түрі бокс туралы телесериал көресіздер. Онда боксшылардың жеңіс тұғырына жету жолы, спорттың адам өміріндегі маңызы туралы суреттеледі.
Агенттік еліміздегі телевизия саласында алғаш рет тарихи тұлғалар туралы сериалдар түсіруді бастаған болатын. «Бауыржан Момышұлы», «Құстар әні», «Күләш» сынды еліміздің белгілі өкілдеріне арналған картиналар осы жылы Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған өмірбаяндық сериалмен толығады.
– Күзгі маусымға сақадай-сай тұрсыздар, ал өткен маусым «Хабар» агенттігі үшін жемісті болды ма?
– Өткен маусымды біз өте жоғары деңгейде аяқтадық. Өздеріңіз білетіндей, тамыз айында бүкіл әлем мойын бұрған Олимпия ойындары өтті. Дүбірлі доданы «Хабар» арнасының көрермендері де көруге мүмкіндік алған болатын. Трансляция кезінде біз жарыстарды көрсетіп ғана қоймай, екі түсіру тобын Рио-де-Жанейро қаласына жібердік. Біздің тілшілеріміз жарыстар, медальдар, Олимпиада ауылындағы қызықты оқиғалар туралы эксклюзивті мәліметтерді «Олимпиада күнделіктерінде» беріп отырды. Сонымен қатар Риодағы аламанға дейін ғаламтор қолданушыларына «Хабар» арнасының ресми сайтында арнайы интернет жоба әзірледік. khabar.kz/olympics веб-сайтында Олимпиада ойындары жөнінде тың және қызықты материалдар сағат сайын салынып отырды. Айтайын дегенім, сол уақыт аралығында жалпы біздің сайтымызды 2 миллионға жуық адам қараған (Google Analytics мәліметі бойынша). Ал zero.kz сайтының берген мәліметі бойынша біздің сайт қазақстандық БАҚ (қолданушылар көп қараған сайттар) арасында үздік ондыққа енді. Сондай-ақ сол күндердің аралығында ойындарды біздің арнадан 4 миллионнан астам көрермен тамашалаған. Көрсетілімнің рейтингісі 1,5 %, ал үлесі 18,4 % болды (TNS Central Asia мәліметтері бойынша). Бұл жұмысымыздың жемісі деп ойлаймын.
Әңгімелескен Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ
«Егемен Қазақстан» газеті, №179 (28907) 20 қыркүйек, 2016 жыл