Хабар телеарнасы

Дәурен Серғазин: Кино әлемінде басқа қырымнан көрінгім келді. Шәмші маған сол мүмкіндікті берді

Дәурен Серғазин: Кино әлемінде басқа қырымнан көрінгім келді. Шәмші маған сол мүмкіндікті берді

Көпшілік көрермен қауым Дәурен Серғазинді театрдағы рөлдерінен бөлек, «Алдар көсе» фильміндегі Алдар көсе мен «Қара шаңырақ» телехикаясындағы Мәди бейнелері арқылы жақсы таниды. Жақында актердің шығармашылық қоржыны тағы бір қомақты бейнемен толықты. Ол – «Хабар» арнасының тікелей тапсырысымен түсірілген ән арысы Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығынан сыр қозғайтын режиссер Жасұлан Пошановтың «Ән-Аға» деректі көркем драмасы. 4 сериядан тұратын хикаяның тұсаукесері қарсаңында актермен жүздесіп, фильм жайлы, жалпы шығармашылық тұрғысынан аз-кем әңгіме өрбіткен едік.

                                   

«Жас қазақ»:

-Әдетте, көркемфильмге қарағанда, деректі фильмде ойнаудың жүгі де, жауапкершілігі де ауыр деп жатады. Сізге қалай? «Шәмші» шаршатпады ма?

Дәурен Серғазин, актер:

-Бұл жобаға келуім қызық болды. Оның үстіне екі жылдай киноға түскен жоқпын. Кино алаңын, түсірілімді сағынып тұрдым. Шәмші ағамыздың көзін көрген, жақын араласқан адамдар арамызда жүр, сондықтан рөлдің жауапкершілігі де үлкен екенін таңдалған күннен-ақ сездім. Бірақ менің табиғатыма сіңген бір мінез – ағысқа қарсы жүзу. «Мүмкін емес» деген дүниеден мүмкін нәрсе жасағым келеді. «Болмайды» деген нәрсе, керісінше мені шабыттандырады, қайрайды, қанаттандырады. Сондықтан режиссерден ұсыныс түскенде, көп ойланбадым: «Неге жасап көрмеске?»,  деп өз-өзіме сұрақ қойдым да, «тәуекел» деп кірісіп кеттім.  Өзіңді сынамасаң, аяп, аялап, өбектей бергеннен, өзіңе де, шығармашылығыңа да келер пайда жоқ. Жалпы мен шығармашылық ізденісте өзімді қинағанды, қинап жұмыс істегенді жақсы көремін. Жанымның «мозахисімін». (күлді)

    

Мысалы, қазір Жастар театры сахнасында моноспектакль қоюға дайындық жасау үстіндемін. Сыртай оңай көрінгенімен, моноспектакльде ойнау – актер үшін өте үлкен сынақ. Көрерменмен қатар жүріп ойнау, сахна мен зал арасындағы шекараны ұмыту, өзіңе қадалар көпшілік назарына төтеп беру және осының бәрін жеңіп шығу оңай емес! Бірақ өнер сол қиындығымен қызық. Қолыман келетін дүниеде емес, сыны мен сынағы көп жұмыстарда, рөлдерде өзімді сынап көргім келеді.

«Жас қазақ»:

-Өзіңіз айтпақшы, «Ән-Ағаның» жауапкершілігі үлкен. Рөлге қалай іздендіңіз?

Дәурен Серғазин, актер:

-Шәмші ағамызға арнап фильм түсірілгелі жатқанын маған түсірілім басталардан үш ай бұрын ғана айтты. Оның өзінде нақты «өттің» деген жоқ, тек режиссер: «Мұртыңды алмай тұра тұршы» деп қана ескертті. Бірақ  сол бір ауыз сөз мені ән әлеміне, сазгердің сыршыл әлеміне жетелей берді. Шынымды айтайын, түсірілім басталғанға дейін мен рөлімді қалай ойнайтынымды да білген жоқпын. Қартайған кездегі бейнежазбаларын көріп, кітаптарды парақтап ізденгендей болдым. Бірақ нәтиже аздау, көңілім қанағаттана қоймады. Сынақтық түсірілімге келгенде де, қалай ойнарымды білмедім. Режиссер: «Былай ойна, бейнені осылай ашсақ, дұрыс болады»,  дегендей жобалап, бағыт-бағдар сілтейтін ойларын айта қоймады. Ешкім үндеген жоқ. Содан өз білгенімше, өз ойымдағы, өз көңілімдегі Шәмші атамыздың бейнесін көрсетуге тырыстым. Кітаптағы замандастары айтқан естеліктерді сараптай отырып, композитордың жиынтық мінезін түздім. «Өмір бойы бала болып өткен», «әзіл-қалжыңға жақын» деген сынды мінездерін ашуға талпындым. Ішімдікке жақын болған деген де деректер айтылады. Бірақ оны уралап алға ұстаған жоқпын. Оның үстіне сценарий маған бірден ұнады. Сериалдың сценариі фильмдегідей айқыш-ұйқыш динамикалы емес, монотонды, біркелкі, бірырғақты жазылады. Бірақ онда ішкі жан дүние қатпарлары асығыссыз, айшықтала көрсетіледі. Сол иірімді мен осы сценарийден көрдім. Жан-жүрекке тиетін, көңілді қозғайтын тұстар болды. Сондықтан фильмде барынша шынайы, сезіммен ойнауға тырыстым. Сыртқы келбет емес, ең бірінші ішкі жан дүниесін ешқандай пафоссыз, әсірелеусіз, барынша шынайы алып шығуға талпындым. Ендігі төрешіміз – көрермен. Бағасын өздері бере жатар.

«Жас қазақ»:

-Естуімізше, шабыт келгенде, өзіңіздің де ән шығаратын өнеріңіз бар көрінеді. Шәмшідей сыршыл композитордың табиғатын ашуда, бұл талантыңыздың көп көмегі тиген болар…

Дәурен Серғазин:

-Иә, жүректі селт еткізер сөз табылғанда, ән шығаратын қабілетім бала кезден бар болатын. Соны үлкен сахнаға арнап Қ.Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» комедиясын сахналау барысында қолға ала бастадым. Бір нәрседен, оқиғадан жақсы әсер алсам, бірден гитараны іздеймін. Сөйтіп толқынысымды ән арқылы шығарамын. Кейбір әндер екі-үш күнде шықса, кейбірі жарты сағатта туады. Ол енді көңіл-күйге байланысты. Мәселен, өткен жолы Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» филіміне бардық. Фильм жүрекке жетті. Ертеңінде көлікте кетіп бара жатып та, осы әсерден арыла алмадым. Жұмысқа келе сала, қолыма гитараны алдым. Жарты сағатта бір ән туды. Кейде осылай шығармашылық шабытым әнге де көшіп кетеді. Әнім онша көп емес, әзірге өзімнен басқа ешкім айтып жүрген жоқ (күліп алды). Алдағы уақытта Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді...» әңгімесінің желісінде музыкалық моноспектакль қойсам деген ниетім бар. Сол жерде он шақты әнім орындалады. Сөйтіп тұңғыш рет әндерімді спектакль арқылы көпшіліктің талқысына салып, көрерменнің қабылдауын көргім келеді. Жасап жүрген дүнием дұрыс па, бұрыс па? Соны білсем деймін. Жалпы ән шығарған өзіме ұнайды. Ал адамның жаны рахат табатын дүниемен айналысқанынан артық қандай бақыт бар!? Шәмшіні ойнағанда да, ән туатын жерлерде жаным рахаттанып, сазгер көңіл-күйін барынша шынайы жеткізуге тырысып бақтым. Енді, әрине, соңымыздан Шәмші сияқты жүректі тербер ғаламат ән қалдырамыз ба, жоқ па, ол жағы белгісіз.

«Жас қазақ»:

-Ең бірінші ән туа ма? Әлде сөзге қарап, әуен келе ме?

Дәурен Серғазин:

-Мен поэзияны көп оқимын. Солардың ішінен «әнге келеді-ау» деген өлеңдерді жинап қоямын да, орайы келіп тұрған сөздерді әніме пайдаланамын. Бірақ әнге сөз табу өте қиын. Өзіңде ондай талант болмағаннан кейін іздейсің, ізденесің. Көңіл түкпіріндегі сөз дөп табылғанда, әніңнің табиғатын толыққанды ашатын поэзия кезіксе, сол күні менен бақытты адам жоқ! Өнер академиясында бірге оқыған Көксебек Хамза деген группалас досым бар. Кейде сол екеуміз бірлесе отырып жазамыз. Ән сөзіне арнайы тапсырыс беріп жазғызған жалғыз автор әзірге сол группаласым ғана.

«Жас қазақ»:

-Фильмнен байқадық, домбыра мен гитарадан бөлек, мандолинада да тәп-тәуір ойнайды екенсіз. Бұл аспаппен қашаннан бастап доссыз?

Дәурен Серғазин:

-Гитараны бала кезден білеміз ғой. Шертіп күй тартпасақ та, әуесқой деңгейде білемін. Үйде бәрі тартады. Әкем мен ағам гитарада жақсы ойнайды. Мен солардан үйрендім. Домбыраны да солай. Күмбірлетіп күй тартпасақ та, тиіп-қашып шертуге, ән орындауға шамамыз жетеді. Ал енді мандолинаны үйренуге тура келді. Мандолинаның бапталуы домбыра мен гитараға қарағанда бөлектеу. Ғаламтордан қарап, көп дайындалдым. Бірақ кино барысында 2-3-ақ рет ойналады. «Ақмаңдайлым», «Қаракөз» әндерін тірідей мандолинамен ойнадым. Әу баста, ұйымдастырушылар: «Қолын түсіріп алу үшін дублер табамыз», – деген. Бірақ мен ешқандай дублерсіз өзім ойнағым келді. Сол үшін де мандолинаны бар ынтаммен үйренуге тырыстым.

«Жас қазақ»:

-Фильмді түсіру барысында қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз? Не ауыр, не жеңіл болды?

Дәурен Серғазин:

-Мен үшін кинодағы ең жаман нәрсе – күту. Бұл фильмде де солай болды. Түсірілім басталғаннан кейін күтіп, бір айдай бос жүріп қалуға тура келді. Актер үшін ең қиыны – осы. Сол жағы адамды басып тастайды. Іштей дайындалып, пісіп, енді соны сыртқа шығаруға дайын болған кезде күтемін деп, бар ойыңды шашыратып аласың. Екінші қолайсыз нәрсе – ауа райы. Түсірілім уақыты қыс мезгілімен тұспа-тұс келгендіктен, көктем, күз мезгілдерін түсіруде қатты қиналдық. Бірде жаңбыр, бірде қар жауып кетеді. Аяғымыздан сыз өтіп дегендей, біраз қолайсыздықтар болды. Бірақ соған қарамастан, фильм атмосферасын барынша шынайы беруге түсірілім тобы аянбай тер төкті.

Ал енді өзімнің шығармашылық ізденістеріме келсем, актерлік шеберлік жағынан 11 сыныптағы Шәмшіні ойнау қиындау болды. Жас алшақтығы өз алдына, оқушы баланың мінез-құлқын барынша шынайы беру үшін біраз ізденуге тура келді. Сценарий бойынша Шәмшінің 16 жастан 40 жасқа дейінгі аралықтағы физикалық қана емес, рухани болмыс, мінез ауысуларын нанымды жеткізу үшін актерлік һәм рухани өсуің керек болды. Және барлығы бірден емес, саты-сатымен жүзеге асқаны абзал. Әр қимылың, әрекетің бір-бірімен жалғасып, бірі екеншісін ақтап, толықтырып тұруы қажет. Әрине, сыртқы келбетті, әжімді гриммен келтіріп берер, ал ішкі тереңдік пен сыршылдық тек актердің өзіне, ізденісіне ғана байланысты. Оның үстіне, түсірілім сценарий бойынша, оқиға ретімен, кезең-кезеңімен жүрмейді ғой. Жұмыс ретіне қарай, алғашқы күні 4-серияны түсірсе, келесі күні сценарийдің басына қайта шығамыз. Бұл да актерден жинақылықты, ой қорытып, мінез сараптауда оперативтілікті талап етеді. Актерлік тұрғыдан күнде-күнде бірнеше бейнеге ауысып тұруға тура келді. Сол жағы да біраз қиындық келтірді. Әйтпесе сценарий өте тамаша! Актердің өзін-өзі – ішкі жан дүние арпалысын да, сезім иірімдерін де көрсетуіне мүмкіндік беретін тұсы көп. Қолымыздан келгенше, сапалы дүние жасап шығуға тырыстық. Біткен іске бағаны кино барысы көрсетер. «Кейіпкерімнің жастан-жасқа ауысатын хронологиялық көркем бейнесін нанымды етіп жасай алдым ба, жоқ па?» деген сауал өзіме де үлкен жұмбақ болып тұр.

«Жас қазақ»:

-Шәмші рөлі актер ретінде сізге не берді?

Дәурен Серғазин:

-Әр кино маған тәжірибе, жаңа бір белес. Кино әлемінде басқа қырымнан көрінгім келді. Шәмші маған сол мүмкіндікті берді деп ойлаймын. Көпшілік мені Алдар көсе деп таниды ғой. Сол амплуадан шыққым келді. Ертең мені көргенде, көрермен: «Алдар көсе!»,  деп емес, олар: «Шәмші келе жатыр!» деп қуанатын болса, өнер адамы үшін бұл да  үлкен жетістік. Сол амплуадан ауысам ба, ауыса алмаймын ба? Маған сол жағы қызық болып тұр.

«Жас қазақ»:

-Өзіңіз де театрда бірнеше спектакль қойып, режиссер ретінде қолтаңбаңызды қалыптастыра бастаған таланттардың бірісіз. «Ән-Аға» фильмінің режиссері Жасұлан Пошанов – замандасыңыз. Айтыңызшы, екі қошқардың басы бір қазанға қалай сыйды? Қандайда бір пікір қайшылықтары болды ма?

Дәурен Серғазин:

-Жасұлан жас болғанымен, кино саласындағы тәжірибесі мол. Талай дүние түсіріп жүр. Сұрағыңызға орай бір-ақ нәрсе айтқым келеді. Актердің режиссер болғаны өте жаман. Өйткені мен өз сахнамды өзім көріп тұрамын. Миымда ол дүние автоматты түрде ойналып кетеді. Режиссер келіп, өз нұсқасын айтқанда, іштей қарсылық тұрады. Міне, актерлікке режиссер болғанның кедергісі осы. Бірақ Жасұлан екеуміз ондай бір дүрдараздыққа баратындай жағдай болған жоқ. Әрине, шығармашылық процесс болғаннан кейін пікір қайшылықтары да болып тұрады. Бірақ бәрін ақылдасып, кеңесе, ойымызды ортаға сала отырып, айналдырған бірнеше айдың ішінде осы көркем хикаяны түсіріп, көрерменге ұсындық. Басты жеңіс осы деп білемін.

«Жас қазақ»:

-Бүгінгі көрерменнің деңгейін қалай бағалайсыз? Яғни, басқаша айтқанда, көрермен өнерге тартылу керек пе, әлде өнердің көрерменге иілгені ләзім бе?

Дәурен Серғазин:

-Меніңше, біз көрерменді өнерге тартатындай жағдайда емеспіз. Ресей, иә, ол жағынан бізден әлдеқайда көш ілгері. Ол жақтағы қарапайым көрерменнің театрды қабылдау мәдениеті де басқа. Ал біздегі жағдайы қандай? Өмірі театр көрмеген көрермен бар. Иә, сөзіңіз орынды. Өнер көрерменді тәрбиелеу керек. Бірақ ол мәдениетке жеткенге дейін де үздіксіз жұмыс талап етіледі. Менің ойымша, театр алтын ортаны ұстап, барлық көрерменге бірдей қызмет етуі қажет. Себебі әр көрермен – біздің нанымыз, тұтынушымыз. Сондықтан ол екеуі  бірге жүретін нәрсе. Біз көрерменді биік өнерге тартпастан бұрын, әуелі оларды дайындауымыз керек. Ол үшін тара-тұра көрермен деңгейіне түсіп, сахна мәдениеті арқылы өзімізбен бірге алға ілестіріп әкетуіміз керек. Сол себептен де мен режиссерлер мен актерлерді өнер мен халық арасындағы дәнекерші көпір болу керек деп есептеймін. Жай ғана сыртай бақылап қараңызшы, «Шаншар» мен «Алдараспанға» көрермен өлердей барады. Саусақ шошайтып, ышқыр көтерген қимылға, анайы сөзге мәз болады. Содан ойлану керек. Демек, көрермен біздің ұсынған абсурдымыз бен әфсанамызды, философиямызды әлі түсінетін деңгейде емес. Сондықтан әуелі біз сол өнерге көтерілетін көрерменді алдын ала дайындап, театрға қызықтыра отырып, биік өнердің не екенін түсіндіруіміз керек. Ақырын бойға сіңіргеніміз ләзім. «Бірден!» деген дүние болмайды. Әзірге мен осы жағындамын.

«Жас қазақ»:

-Актерліктен бөлек Жастар театрында бірнеше қойылымды сахнаға сәтті шығарған режиссер ретінде өзіңізді, жұмыстарыңызды жақсы білеміз. Алдағы уақытта кинорежиссурада бағыңызды байқап көргіңіз келмей ме?

Дәурен Серғазин:

-Неге келмесін? Әрине, кино – менің ең қызығатын салам. Қазір де киносценарий жазу үстіндемін. Бірақ оның қалай шығатыны белгісіз. Әйтсе де, өзімді өнердің қай саласында да дәлелдеп көргім келеді. Себебі бүгінгі өнер актерден әмбебаптықты талап етеді. Актер адам бір жақты шектелуге болмайды деп есептеймін. Уақыттың ағысын аңдамасаң, жұтылып кетесің. Сондықтан алдағы уақытта шабыт пен мүмкіндік болса, неге сынап көрмеске?!

Жалпы актерлік өнерді таңдаған талапкерлердің көпшілігі бұл салаға: «Киноға түссем, өзін кино арқылы танытсам» деп келеді. Сол секілді менің де киноға деген қызығушылығым ерекше. Театрды кейінірек, оқуға түскеннен кейін сахна сырына қаныға келе жақсы көріп кеттік қой. Бірақ ең алғаш өнерге деген махаббатымды оятқан кино болатын. Ал түптің түбінде бағындыру үшін де ол арманыма қайтып оралатыным хақ. Театрда бұл арманымды толыққанды бағындырмасам да, жаныммен үндесер жақсы рөлдерді ойнап, көрермен тарапынан да, сыншылар тарапынан да өз деңгейінде бағамды алып жүрмін. Ұстазымыз Нұрқанат Жақыпбай сахналаған Н. Гогольдің «Ревизор» қойылымындағы Хлестаков мәселен, бүгінде менің театрдағы бойтұмар рөліме айналған бейнелердің бірі. Ал кинода шығармашылық төлқұжатыма айналатындай, кинотеатрлардан жарқ етіп көрінетіндей ондай рөлді жасай қойған жоқпын. Сондықтан әзірге киноөнеріне қанағатсыз болып жүрмін. Кинодағы өзімнің рөлімді тапқым келеді…

«Жас қазақ»:

-Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Назерке ЖҰМАБАЙ

jasqazaq.kz