ҰОС кезінде жоғалған жауынгерлердің жерленген орнын іздеушілер кезекті сапарға жол тартпақ

  • 2971
  • 15.04.2015, 13:00

Топ мүшелері Ресейдің Новгород облысына аттанбас бұрын оқушылармен кездесті.  

Александр Азегов қан майдан алаңдарына жасаған сапарларын таңды таңға жалғап айта алады. «Саланг» әскери-патриоттық клубының мұражайында өткен ғасырдың 41-45-ші жылдардың қару-жарақтарынан бастап, жауынгерлердің жеке заттарына дейін қойылған. Компьютер ойындарындағы атыс-шабыстан көз алмайтын оқушылар бүгін нағыз соғыстың куәгерлерімен танысты. 

Дарья Тютюнова, мектеп оқушысы

-Соғыс жәдігерлері санама салмақты ой салды. Қанша адам құрбан болған. Біз оларды ұмытпауымыз керек. Бүгінгі бейбіт күн сол ата-бабаларымыздың қанымен келді.

Сұрапұл соғыстан сыр шертетін жәдігерлер – осындағы іздеушілердің тірнектеп тапқаны. Александр Азегов бастаған топ ширек ғасырда 2 мыңнан астам жауынгердің сүйегін қайта жерледі.

Александр Азегов, «Саланг» әскери-патриоттық клубының жетекшісі

-Қазба жұмыстары кезінде адам қаңқаларының, қол немесе аяқ сүйегіне тап болсақ, төбеміз көкке жетеді. Ең бастысы - бойтұмарын тауып алу. Онда жауынгердің аты-жөні жазылған.

Салангтың сайыпқырандары кезекті сапарларына дайындалып жатыр. Осы жылы да олар Ресейдің Новгород облысына аттанады. Дәнекерлеуші, электромонтер, қарауыл секілді қарапайым мамандық иелерін біріктірген мақсат – сұм соғыстың сырын ашу. Бұл жолғы жорыққа оқушы қыздар да қосылды.  

Ильнур Габидуллин, іздеуші

-Осы жылы бармаймын деп ойлағанмын, алайда жолдасым рұқсат беріп, қуанып қалдым. Енді жолдың қамына кірісу керек.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші

-Петропавл қаласында құрылған іздестіру тобы өткен жылы ресейліктермен бірге 503 жауынгердің сүйегін тауып, 26-ның аты-жөнін анықтады. Олардың үшеуі – қазақстандық. Қан майданда із-түзсіз жоғалғандардың ұрпақтары іздеушілердің осы жолғы жорықтарынан да жағымды жаңалық күтеді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Вадим Пятков, Дмитрий Рура