Кәсіпорында 100 мыңнан астам студент тағылымдамадан өтуде. Оған қоса 4 мыңнан аса компания 600-ге тарта колледжді қамқорлығына алған. Мақсат – жұмысшы мамандығын таңдаған жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау. «Хабар» телеарнасы да үлес қосып отыр. «Жұмысшы мамандығы» жылында «Хабар» «Шеберлер шайқасы» деп аталатын реалити-шоу дайындады.
«Шеберлер шайқасы» – кәсіби жұмысшыларға арналған жоба. Оның басты кейіпкерлері өнер жұлдыздары немесе елге танымал медиатұлғалар емес. Бұл жолы олардың орнын өкпек желдің өтінде жүрген еңбек адамдары басты. Олар қала тұрғызады, жол салады, жылу мен жарық тартады. Дастарханымызда күнделікті ыстық нанның болуы да осы жандардың тынымсыз еңбегі. Басты кейіпкерлер – дәнекерлеуші, құрылысшы, электрик, аспаз, өртсөндірушілер.
Эльмира Жүнісова, «Шеберлер шайқасы» реалити-шоуының продюсері:
- Қарапайым еңбек адамдары деп қарайтын адамдар. Бірақ олардың әрқайсысы жұлдыз болуға лайықты деп ойлаймын. Әрқайсысы өз ісінің қаһарманы, әрқайсысы өзінің мамандығын шын жүректен сүйетін және де сол мамандығынан табыс тауып отбасын асырап отырған сондай керемет жандар.
Еңбек адамдарының арасында тігінші мамандығын игерген ер-азаматты, дәнекерлеуші әйелді де кездестіруге болады. Мәселен, 36 жастағы Ғазиза Рысқұлова темірден түйін түйген шебер. Осы салада 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Сайыста ерлерден кем түскен жоқ. Берілген тапсырманы аса дәлдікпен орындап шықты. «Қазақстан-Қытай газ құбыры» жобасы мен талай құрылыс нысандарында оның да қолтаңбасы бар.
Жалпы жобаға қатысуға еліміздің әр түкпірінен мыңға тарта адамнан өтінім берген. Соның 50-і елімізде бұрын-соңды болмаған реалити-шоуға жолдама алды. Барлығы 12 бағдарлама. Соның 10-ы автомеханик, шаруа, ағаш шебері сияқты 10 түрлі мамандыққа арналды. Олар үшін шеберхана, ферма, құрылыс алаңы, цех сияқты арнайы орындар жасалды. Қатысушылар сол жерде әдеттегідей жұмыс істеді. Мәселен, қой қырқып, кірпіш қалады. Ас пісірді.
Төлеген Нұқытов, қоюшы режиссёр:
- Жобаның да, менің де көздегенім – жұмысшы мамандығын дәріптеу. Әсіресе жастарға жақсы жұмысшының табысты, беделі жоғары болатынын көрсеткіміз, насихаттағымыз келді. Еңбектің қадірін түсіндіріп, кәсіпті дәріптесек, жастар келмейді емес, келеді деп ойлаймын.
Шоу әр сенбі сайын «Хабар» телеарнасынан көрсетіледі. Соңғы саны жыл соңына жоспарланған. Топтан оза шыққандары ақтық сында өзара мықтыларын анықтайды. Нағыз еңбектің иесі бас жүлде – 5 млн теңгені қанжығалайды.
Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов