«Хабар» кезекті күміс батырмамен марапатталды
Ал «Хабардың» бейнехостингтегі өнімдерін бүгінде 106 мыңнан астам адам тұрақты тамашалайды. Алып бейнеқоры бар – Youtube видеохостингі. Сан алуан каналдар, түрлі тақырыптағы бейнежазбалар. Бұның барлығын желі қолданушылары осында жүктеп, жалпақ жұртпен бөлісіп отырады. Ал ең көп тіркелушілері бар Youtube желісінің иелері жиі марапатталады.
Самсон Безмятежный, Genesis Youtube Qazaqstan директоры:
-Біз бүгін қазақстандық Youtube қолданушыларын марапаттағалы отырмыз. Қазір желідегі каналында 100 мың тіркелушісі бар адамдарға 3 күміс түймешікті табыстаймыз. Бұл бірінші кезең. Екіншісі – ол әрине, алтын түймешік иегері атану. Әзірге, бұндай марапат Қазақстан бойынша үш-ақ Youtube каналда бар.
Күміс батырмасын «Хабар» арнасы иеленді. Қазақстандықтарға тың ақпарат таратып, көрермендерді түрлі телесериалдармен қуантып отыратын бас арнаның бүгінде Youtube желісінде 106 мыңнан астам көрермені бар. «Khabar News» каналы 2016 жылдан бастап белсенді жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында жүктелген бейнежазбалар 148 млн рет қаралыпты.
Әлжан Әбдірахманов, «Хабар» Агенттігі» АҚ Интернет жобалар дирекциясының директоры:
-Мен өзіміздің ұжым үшін өте қуаныштымын. Бұл күміс түймешік барлығымыздың ортақ ісіміздің жемісі. Біз алдағы уақытта өзіміздің интернеттегі контентімізді ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Жаңа маусымда түрлі қызықты жобаларды қолға алып, өз көрермендерімізді қуантпақ ойдамыз. Қандай жаңашылдықтар болатындығы әзірге құпия.
Бұл «Хабар» арнасының Youtube видеохостингінен алып отырған алғашқы марапаты емес. Бұған дейін көктем мезгілінде «Khabar Show» атты каналымыз да дәл осындай жетістікке жеткен еді. «Хабардың» әлеуметтік желілерін жетілдіріп отырған мамандардың ендігі межесі – көрермен санын 1 млн-ға жеткізіп, алтын батырманы иелену.
Авторлары: Риат Шони, Бекболат Базаров