«Хабар» телеарнасындағы «Маска» музыкалық шоуы мәресіне жетті
Екі айдан аса уақыт көгілдір экранға көз тіккен көрермен «Маска» музыкалық шоуының финалын асыға күтті. Мәреге Арқар, Аққу және Арыстан бейнесіндегі үміткерлер шыққан еді. Қазылардың шешімімен жеңіс Арқарға тиді. Соңғы сәтке дейін осы кейіптегі үміткердің құпиясын ешкім аша алған жоқ. Көрерменмен қатар, әділ-қазылар алқасының да ойын сан-саққа жүгірткен қатысушы Ерден Жақсыбеков болып шықты. Ғабит Мүсіров атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актері жоба барысында естен кетпес қиындықтар мен қызықтардың көп болғанын айтады.
Ерден Жақсыбеков, «Маска» шоуының жеңімпазы:
- Сахнаға өнер көрсетуге шығарған кезде ғана Арқардың басын киемін. Қалың торы бар, содан ауа кішкене кіреді. Бірақ өнердің соншалықты қасиеттілігі бар, адамды шабытқа бөлеген кезде ауа жетпегенін ұмытып, тіпті сол ыстық ауаға үйреніп, билеп, бар өнерімді көрсетуге тырыстым.
Жақсыбеков жеңімпаз атанған шоуда жас әнші Ayree екінші орынды иеленді. Ал әзілкеш Нұрболхан Шараповқа үшінші орын бұйырды. Бұл жоба көптеген жас өнерпаздың танылуына септігін тигізді. «Бағдарламада қатысушылардың киімін ұлттық нақышта тіктіріп, оларға қазақша атау беруге күш салдық», - дейді жоба продюсері Гүлнұр Мамасарипова.
Гүлнұр Мамасарипова, «Маска» шоуының продюсері:
- Біздің шоу жасаудағы мақсатымыз – көп көрерменнің назарын аудару. Осы тұрғыдан алып қарасақ, «Маска» шоуы үлкен аудитория жинай білді, үлкен резонанс тудырды. Бастапқыда шамалы жатырқағандар да болды. Ресейдің, Украинаның «Маска» шоуымен салыстырып, көп сын айтылды. Одан кейін кері реакция жүрді. Көрермен өз-өзінен келді. Әрқайсысының сүйікті маскасы болды, көрермен бір-бір масканың жанкүйері болды.
«Егер көремен қаласа, алдағы уақытта «Маска» шоуының екінші маусымын ұйымдастыруға әзірміз», - дейді жоба жетекшілері.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев