Амангелді Сейітханның қазасы қаймана қазақтың қабырғасын қайыстырды
Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады. «Амангелді Мәулітқанұлы, қазақ спорт журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Оның есімі ел есінде мәңгі сақталып, қазақ телевизиясының тарихына алтын әріптермен жазыларына сенімдімін. Марқұмның алды пейіш, арты кеніш болсын», – деп жазылған Президенттің көңіл айту жеделхатында.
Амангелді Сейітханның қазасы қаймана қазақтың қабырғасын қайыстырды. Қысқа ғана ғұмырында қазақ телевизиясына алапат қуат әкелді. Амангелдімен бірге телеарнаға түйдек-түйдек тіркес келді. Тікелей эфирде бақсыдай ойнайтын санаулы саңлақтың бірі болды. Жүйрік журналист, күміс көмей комментатордың «Жеңісті күндерде жүздескенше!» деген телебрэнді тарихтың қойнауына кетті!
Ұйықтамаған кезіміз болды. Демалмаған кезіміз болды. Таңды таңға ұрып, түсірілімде болып, репортаждар жасаған кезде үйге келіп шәй ішетін уақыт таппаған кез болды. Соның бәрінде бір мұрат-мақсат жатты. Қалайда, әйтеуір бір, осы арнаның тік тұрып кетуіне сеп тигізу. Енді бір уақыт төреші...
Иә, бұл дүниедегі дәм-тұзы таусылып, Амангелді ағамыз, мәңгі ұйқыға кетті. Ол кісі туралы өткен шақта айту бізге де оңай болмай тұр. Қазақ спорт журналистикасы қара нарынан қапылыста айырылды. «Тілшілердің үлкен-кішісіне бірдей құрметпен қарайтын, жүзі жарқын жанның бүгін арамызда жоқтығы қабырғамызды қайыстырды. Бір өзі үлкен мектеп еді», – дейді шәкірттері. Яғни журналистикада шоқтығы биік мектеп қалыптастырған тұлға. Ол – әуелі бүкіл жігерлі жастық жалынын осы салаға сарп еткен жан. Соңғы буынға үлгі болып қана қоймай, соңғы кезде «Хабар 24» арнасында шығарушы редактор қызметін атқарды.
Аслан Қаженов, тілші:
- Бізбен бірге футбол ойнайды. Редакцияда қалжыңдасып, қол күрестіретінбіз. Анау-мынау ауруға берілетін адам емес еді негізі. Көбі қазір әлеуметтік желіде жазып жатыр ғой: «Амангелді ағамен бір тілдессек, бір танысқымыз кеп еді» деп өкініш білдіріп жатыр. Бізге осындай бақыт бұйырды. Әлі күнге дейін мына есіктен кіріп келіп, бәріміз өре түрегеліп, амандасатын сияқты күйдеміз.
Амангелді Сейітханов – «Хабар» Агенттігінің іргесін қалаған ардагерлердің бірі. Хабар «тәй-тәй» басқаннан бері де осы арнадан қол үзбей, үзеңгілестерімен бірге жүрді. Ол – сонау жылдары Айтыс аламанында да атой салған суырыпсалма ақын. Журналистігі бір төбе болса, шешендігі де бір белес еді.
Зейін Әліпбек, «Хабар» телеарнасының жүргізушісі:
- 1997 жылдары «Хабар» арнасында қайтадан басымыз тоғысты. Ондағы ағамыздың жұлдызы жанған кезеңдер 1997 мен 2000 жылдар болды. Амангелді ағамыздың жұрт әлі күнге дейін осыдан 20 жыл бұрынғы спортты жүргізгендегі сөздерін тұтастай жатқа айтады. Өмірден жақсы адам өтті.
Ол осындай отты сөздерімен сиқырлы спорттың сырын ашатын. Амангелді Сейітханов қазақ спорт журналистикасының негізін қалауға атсалысты. Жұмыр жердегі сан додадан қазақ жұртына сан мәрте сауын айтып, салтанатымызды асырған еді. Футболдан әлем чемпионатын тұңғыш рет қазақ тілінде жүргізген білікті комментатор. Ала допты «ұршықша» сөзбен ғана емес, аяқпен де иіріп, алаңға да шығып жүрді. Спортты жанындай сүйді. Құнды тәжірибесін жастармен бөлісіп, ізін басқан мамандарға үйретіп кетті.
Әзиз Жұмаділ, «Бақ лига» ұйымдастырушысы:
- Астанада жүрген кезде Бақ лиганың бірде-бір ойынынан қалмайтын. Ол кісіні алаңға шығарғанының өзі мәртебе. Футболды бізден кем ойнамайды. Жастармен арқа-жарқа болып, алаң сыртында да жастармен шүйіркелесіп, ардагер ағамыз болды. Соңғы рет кетіп бара жатқанда: «Әзизжан мен ойнап алайын, екі аптаға демалысқа кетіп бара жатырмын» деп еді. Содан оралмады. Әлі де келетін сияқты көрінеді.
Амангелді аға – аңқылдаған ақжарқын көңілімен де көрерменді баурап, әлемнің алты бұрышынан алашына жағымды жаңалықтың жаршысы болған жампоз жан. Тумысынан сөзі мен адами асылдығы жарасқан тұлғаның өткен жолы да, халықтың жүрегінде алар орны да бөлек. Ал оның есімі отандық тележурналистика тарихына ғана емес, тұтастай спорт шежіресіне алтын әріппен жазылып қалары сөзсіз.