«Хабар» Агенттігі» жаһанның алпауыт медиа холдинг басшыларының басын қосты
«Азия-Тынық мұхиты елдері хабар таратушылар одағының» белді мүшелері ұйымның 113-ші отырысын өткізу үшін Елордаға жиналды.
Одаққа мүше 16 елден 17 өкіл бас қосқан жиынды еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров ашты.
Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
-Іргелі одақтың маңызды әкімшілік кеңесі елімізде өтіп жатқаны қуантарлық жәйт. Атаулы шарада сіздермен қауышу біз үшін үлкен мәртебе. Телерадио салаларын дамыту мақсатында жарты ғасырдай уақыт бұрын құрылған ABU одағы ең ауқымды және нақты іс шараларды жүзеге асырып жүрген іргелі медиа институттың бірі.
Кездесу барысында «Хабар» агенттігінің 2 тілшісі Малайзияның Куала-Лумпур қаласында орналасқан одақ кеңсесіне 2 жылға баратыны белгілі болды. Келесімге кеше қол қойылған еді. Бұл тек тәжірибе алмасуға ғана емес, сондай-ақ жаһан медиасындағы орнымызды нығайтуға мүмкіндік болмақ. Айта кетейік, «Азия-Тынық мұхиты елдері хабар таратушыларының одағы» осыдан 61 жыл бұрын құрылған. 67 елде 253 мүшесі бар ірі медиа институт. Одаққа елімізден «Хабар» агенттігі ғана мүшелік етеді. Соның арқасында ел аумағында лицензияланған бағдарламалар мен фильмдер көрсетіліп келеді.
Берік Уәли, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:
-Сәуір айынан бері жүргізген келіссөздердің нәтижесінде Азия-Тынық мұхиты елдерінің хабар таратушыларының одағы басшысымен келісімге келіп, біз екі бірдей «Хабар 24» арнасының қызметкерін тәжірибе алуға сол жаққа жіберіп отырмыз. Олар кеше қол қойды келісімшартқа. Біз үшін өте үлкен жетістік. Екі қызметкеріміз сол жаққа барып жұмыс жасайды. Солардан айлық алады және біздің сол жақтағы «Хабар» агенттігінің, «Хабар 24»-тің өкілі ретінде ай сайын бізге материалдар беріп тұрады.