«Хабар» ұжымы экологиялық сенбілікке қатысты
«Хабар» Агентігінің ұжымы «Жасыл Астана» экологиялық айлығы аясында ұйымдастырылған қалалық сенбілікке қатысып, елордадағы «Ғашықтар» саябағында тазалық жұмыстарын жүргізді.
«Алдағы 5 жылда Елорда жасыл шаһарға айналуы керек» деген Президент Касым- Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындауға «Хабар» Агенттігінің ұжымы да атсалысты. Агенттік қызметкерлерінің айтуынша, қаланың әсем әрі жайлы болуына үлес қосу құптарлық іс.
Тілшілер, операторлар, монтажерлер, режиссерлер мен әкімшілік қызметкерлері саябақтағы «Хабар» Агенттігінің 20 жылдығына арналған аллеяны қураған жапырақтар мен қоқыстардан тазартып, талдарды әктеді. «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Данияр Меңілбеков жуық арада аллеяға тағы да жаңадан көшеттер отырғызу жоспары бар екенін жеткізді. Саябақтың сәнін келтіру үшін жапырақты ағаш түрлерін егуге басымдық берілмек.
Айта кетейік, елордада 8 сәуір мен 6 мамыр аралығын қамтитын «Жасыл Астана» экологиялық айлығы өтіп жатыр. Соның аясында қала тұрғындары, мекеме қызметкерлері, жастар және басқа да ұйымдар мен ұжымдар ел астанасының тазалығына жұмыла кіріскен.