«Бес жұлдыз» таланттарға жол ашады
«Бес жұлдыз» мега шоуының түсірілімі алғашқы күннен қыза түсті. Қатысушылар қобалжулы. Себебі сахнадағы білікті де білімді 30 сарапшы әр үміткердің қадамын қалт жібермей бақылап отыр.
«Бес жұлдызға» жолдама алғандардың бірі – Аңсар Әбдірахман. Оның әнін естіген елге танымал әншінің бірі 13 жасар өнерлі баланы Қарағанды облысынан осы шоуға арнайы алдыртқан. Әзірге тәлімгерінің есімі құпия.
Аңсар Әбдірахман, «Бес жұлдыз» шоуының қатысушысы:
- Қапшағай қаласында лагерьден қайтып бара жатқан поездда адамдар гитарамен өлең айтқанымды видеоға түсіріп, инстаграм желісіне салып жіберген болатын. Соны өзімнің тәлімгерім естіпті. Содан кейін шақырту алдым.
«Бес жұлдыз» мега шоуының әр бағдарламасында 5 үміткер бақ сынайды. Бірінші кезеңде жекелей өнер көрсетеді. Екінші кезеңде тәлімгерімен бірге дуэт орындайды. Қатысушылардың өнерін сарапшылар бағалап, балдық жүйемен әр бағдарламаның жеңімпазы анықталады.
Бақыт Тұрман, «Бес жұлдыз» шоуының сарапшысы:
- Еліміздің түкпір-түкпірінен кәдімгідей кәсіби музыканттарды шақырып, солардың ойларын тыңдап, пікір алмасып, ой білдіріп дегендей сондай бір жақсы пікірталас болды. Ал бүгінгі өнерпаздар өте талантты. Барлықтары дайындалған, киім киістері, әндері, аранжировкалары, қойылымдары барлығы болды. Сондықтан әрі қарай тек сәттілік тілеймін.
«Бес жұлдыз» шоуы 16 бөлімнен тұрады. 15 бағдарламаның жеңімпаздары финалдық кезеңге жолдама алады. Соңғы бағдарламада жобаның жеңімпазы анықталады. Бірегей шоу 9 наурыз күні «Хабар» телеарнасында 19:00-де эфирге шығады.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов