«BALASHKA» комедиясы жарыққа шықты
Ұлыстың ұлы күні режиссёр Данияр Саидкаримовтың «BALASHKA» кино фильмі үлкен экранға жол тартты. Фильм ізгі құндылықтар мен ұлттық тәрбиені насихаттайды. «Хабар» Агенттігі осынау көркем туындының ақпараттық серіктесі.
Бүгінде, қазақы тәрбиенің бастау бұлағы саналатын ауылдан тамыр үзіп, ажырап бара жатқанымыз жасырын емес. Бала тәрбиесінде ата-әженің аялы алақанынан гөрі, смартфонның ықпалы басым. Түсіру тобы осы олқылықтың орнын толтыру үшін тың тақырыпқа түрен салыпты.
Ренат Баситов, фильмнің продюсері:
-Бұл тақырып, бұрыннан көкейімде жүрген тақырып, өйткені бізде отбасымен баратын кинолар аз, жоқ десек те болады. Біріншіден ауылға деген махаббат, атаға деген махаббат, отанды қорғау. Кинодан көп нәрсені түсінуге болады.
Сюжет желісі ауыл тіршілігінен бейхабар Аслан деген балақайдың ауылдағы демалысы мен басынан өткізген қызықты оқиғалары негізінде өрбиді. Оқиға барысында ол атасынан ауылдың тұрмыс-тіршілігі, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы көп нәрсе үйреніп, жаңа достар табады. Ауылдың тіршілігін алғаш рет көрген Жантөреге фильм процесінен гөрі, ауылдың қызықтары ұнапты.
Жантөре Мыңжасар, актёр:
-Мен итке тамақ бергенде сол маған ұнамады, өйткені ол жерде өте көп дубль болған. Ал ең ұнағаны есекке отырған кезім. Өйткені мен бұрын есекке отырған жоқпын.
«Балашка» кинокомедиясы балаларды табиғатты қорғауға, адам еңбегіне құрметпен қарауға үндейді, ізгілік пен адамгершілікке баулиды.
Қымбат Хангелдина, «Хабар» Агенттігі» АҚ Алматы филиалының директоры:
-Негізі, қазіргі таңда балалардың тәрбиесі туралы айтылатын кинокартиналар аздың қасы. Сондықтан біздің агентттік сапалы әрі көркем дүниелерге көптеп көңіл бөледі. Бұл фильмді ата-аналарды өз балаларымен кинотеатрлардан көруге шақырамыз.
Бір жылға жуық дайындықпен түсірілген фильмде басты рөлдерде Жантөре Мыңжасар, Досжан Жанботаев, Ерлан Примбетов, Асхат Үрпеков ойнайды. «BALASHKA» кинокомедиясын бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан тамашалауға болады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов