Қытайлар өрт сөндіруші робот жасап шығарды
Қытайлар өрт сөндіретін робот жасап шығарды. Енді көрші елде төтенше жағдай кезінде жаңа құлтемірдің мүмкіндіктері пайдаланылады. Бұл құтқарушылардың апат кезінде тәуекелге баруын айтарлықтай азайтады. Тың жаңалық алғаш рет елдің шығысындағы Циндао қаласында ресми қолданысқа енгізілді. Бұдан былай жедел шақыртуларға адамдармен бірге осы заманауи робот иттер де шығады.
Жаңа құлтемірдің техникалық мүмкіндігі жоғары. Түтіндеген ғимарат ішінен зардап шеккендерді оңай таба алады. Ыстық температура мен лаулаған жалынға да төзімді. Адам өміріне аса қауіпті улы газ тараған ортада да жұмыс істей алады. Бұл құтқару операцияларын айтарлықтай жеңілдетіп отыр.
Ли Мин, өрт сөндіру және құтқару бригадасы ақпарат және байланыс бөлімінің қызметкері:
-Бұл роботты құтқарушылар әдетте барлау, өрт ошақтарын анықтау кезінде пайдаланады. Ол құтқару жоспарын қауіпсіз етіп құруға мүмкіндік береді. Ең бастысы өрт сөндірушілердің тәуекелімен оларға төнетін қатер азайып отыр. Сонымен қатар құтқарушылардың жұмысын жеңілдетіп, тиімділігін арттырды.
Төртаяқты темір иттердің салмағы 70 келі. Секундына 5 метр жылдамдықпен қозғала алады. Толық қуатталған жағдайда 3 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. Жоба авторлары оған лазерлі сканерлеу жүйесін орнатқан.
Чжоу Яньсин, жоба авторы:
- Робот ит онлайн режимде оқиға орнынан жоғары сапада бейнекадр таратады. Бұл апат орнында болып жатқан жағдайды қашықтан отырып бақылауға мүмкіндік береді. Құлап немесе төңкеріліп қалған жағдайда өздігінен тұрып кете алады.
Қазір мамандар роботты терең шахталардағы жұмысқа бейімдеп жатыр. Ол адамдарға үзілген тоқ желісі, жиналған улы газдар мен қатерлі жерді анықтап, барлау жасауға көмектеседі. Сонымен қатар жер сілкінісі мен лай көшкіні кезінде де мүмкіндіктері пайдаланылмақ. Айта кетейік, қазір әлемде осындай роботтандарылған иттер нарығы 1,2 миллиард АҚШ долларға жеткен. Ал 2031 жылға қарай бұл көрсеткіш 4 есе өседі деген болжам бар.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын