Қытайда гүлге сұраныс күрт өсті
Гүлге деген сұраныс Қытайда күрт өскен. Әсіресе экспорт көлемі еселенді. Ең көп тапсырыс жасаған елдердің қатарында Қазақстан да бар. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында көтерме бағамен сатушы компаниялар төлемді алдын ала жасап тастаған. Гүл индустриясына жасалған талдауға сәйкес сатылым жылдағыдан 34% артқан.
Қытайдан Қазақстанға гүлдің 19 түрі экспортталады. Негізінен раушан, қалампыр, хризантема, лалагүлдерді көп алады. 8 наурыз мерекесі қарсаңында сұраныс арта түсті. Қазір бұл елдің гүл өндірушілері Қазақстанға апта сайын 100 мың дана гүл жөнелтеді.
Чжоу Юлянь, гүл өсіруші:
-Осыдан біраз жыл бұрын Қазақстанда болғанмын. Ол кезде нарықта қытайлық гүлдер санаулы ғана еді. Бүгінде дүкендерде біздің гүлдердің түр-түрі сатылады. Сұраныстың артуы сапаға байланысты деп ойлаймын. Оның үстіне біздің ұсынып отырған бағамыз да қолжетімді.
Қытайда гүлдің отаны Юньнань провинциясы болып саналады. Бұл аймақтың гүлдері әлем елдеріне шығарылады. Негізінен Таиланд, Жапония, Сингапурге жөнелтіледі. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ТМД елдерінен сұраныс артады.
Сэ Яоронг, гүл өндіруші компанияның менеджері:
-Сауда қызып тұр. Ең көп сатылатыны раушан гүлі. Әсіресе қызыл түсті раушанға сұраныс жоғары. Қалампырды да алдын ала тапсырыспен алады. Ол көпке шейін солмайды. Біздің гүлдер үздік тәсілмен өсіріледі. Күтіп баптауға тың технология қолданылады. Сәйкесінше сапасы да жоғары.
Юньнань аймағының гүл өсірушілері әлем нарығын бағындыруды көздеп отыр. Қазір «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында Таяу Шығысқа да жол тапты. Дубайға аптасына 6-дан 10 тоннаға дейін гүл жөнелтіледі. Куньмин кеденінің мәліметі бойынша 2024 жылы провинциядан жалпы 104 миллион долларға гүл экспортталған.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын