Бангкокта төтенше жағдай жарияланды

  • 3
  • 28.09.2026, 18:42

Әлемде табиғат апаттары жиілеп кетті. Таиланд астанасы Бангкокта төртінші күн қатарынан төпелеп жауған жауын тасқынға ұласты. Үндістан лай көшкіні жүріп, 81 адам мерт болды.

Төтенше жағдай жарияланды

Бангкокта төтенше жағдай жарияланды. 50 ауданда ерекше режим енгізілді. Табиғат апатынан 80 мың тұрғын үйлерінен шыға алмай қамалып қалған. Құтқару операциясына жүздеген адам тартылды. Аймақтағы мектептердің жұмысы тоқтады. Халық қашықтан жұмыс істеуге көшті. Ес астанасы мен оған жақын орналасқан 3 провинцияда мемлекеттік қызметкерлер үшін дүйсенбі мен сейсенбі күндері демалыс жарияланды. Ал көрші Мьянмада тасқын 8 адамның өмірін қиды. 

Дүлей дауыл ойран салды

Мексиканың Тынық мұхит жағалауына Поло дауылы таяп қалды. Аймақта желдің екпіні күшейіп сағатына 205 шақырымға дейін жетті. Толқын көтеріліп, жауын толастар емес. Билік апатты өңірлерден халықты эвакуациялауға кірісті. Елде 169 уақытша паналау орталығы ашылды. Мектептерде уақытша сабақ болмайды. Шалғай елді мекендерге гуманитарлық көмек жеткізу үшін 3 кеме әзірленді. 

Жүздеген әуе рейсі тоқтады

Дүлей дауылдан кейін АҚШ-тың шығыс жағалауын су басып қалды. Әсіресе Нью-Джерси, Массачусетс және Делавэр штаттарында жағдай қиын. Нью-Йоркте табиғи апат салдарынан бір адам опат болды. Қазір елдің солтүстік-шығысында 100 мың тұрғын жарықсыз отыр. Қолайсыз күн райына байланысты 200-ден астам әуе рейсі тоқтатылды. Синоптиктердің болжауынша алдағы күндері өңірде дауыл соғып, жаңбыр жауады.

Үндістан мен Непалда тасқын 

Үндістанда тасқын мен лай көшкіні жүріп 81 адам ажал құшты. Табиғат апатынан Уттар-ПрадЕш штаты ең көп зардап шеккен. Онда екі күнде жауын-шашынның бір айлық мөлшері түскен. Аймақтағы кеңселер мен мектептер уақытша жабық. Табиғат апатынан ес жия алмай отырған көрші Непалда тағы да су тасыды. Тасқын салдарынан 14 адам ажал құшты. Тағы 11 тұрғынның тағдыры беймәлім. Осы елде бір ай бұрын алапат тасқын жүріп, 1 мың 385 адам көз жұмған еді.