АҚШ-та жаһандық маңызы бар мәселелер талқыланып жатыр. Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясы өз жұмысын бастап кетті. Сондай-ақ, ВашингтОн қаласында ядролық қарусызданудағы Қазақстан тәжірибесіне арналған жиын өтті.
Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы басталды. 28-ші қыркүйекке дейін жалғасатын жиынға 130-ға жуық мемлекет басшысы мен үкімет жетекшісі қатысады. Негізгі мәселелер қатарында бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, климаттың өзгеруі және қоршаған ортаны қорғау, адам құқықтары, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні реттеу, сондай-ақ БҰҰ-ны реформалау бар. Таяу Шығыс пен Украинадағы жағдай да назардан тыс қалмайды. Қазақстан тарапынан еліміздің сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің басқаруымен барған отандық делегация пікірталаста қатысып, шетелдік бизнес өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізеді.
Сондай-ақ АҚШ конгрессмендері Вашингтондағы жиында Қазақстанның ядролық қарусыздану тәжірибесін сөз етті. Олардың пайымдауынша Қазақстан әлемдік қауымдастықтың зор ризашылығына ие. Жиынды Карнеги қоры мен Стратегиялық тәуекелдер жөніндегі кеңес ұйымдастырды. Семей полигонын жабу және АҚШ-пен бірлескен «Сапфир» жобасы сөз болды. Кездесуге Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ілиясов, Конгресс мүшелері Дина Тайтус пен Билл Фостер қатысты.
Билл Фостер, АҚШ Конгресінің өкілі:
- Қазақстан әлемдегі төртінші ірі ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, дипломатия мен халықаралық ынтымақтастыққа негізделген жолды таңдады. Қазақстанның бұл шешімі әлемдік қауымдастықтың зор ризашылығына ие болды. Осы тарихи үдерісте сенімді серіктес бола алғанымызға бек қуаныштымын. Астананың ядролық қарусыздану және оны таратпау мәселелеріндегі белсенді ұстанымы, сондай-ақ осы бағыттағы халықаралық диалогты ілгерілетуі де қуантады.
Қазақстан мен АҚШ 1994 жылы бірлесіп жүзеге асырған «Сапфир» жобасы екіжақты ықпалдастықтың ең табысты үлгілерінің бірі ретінде аталды. Іс-шара сарапшылық қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен өткен сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды.
Арайлым Жақсылық, Ердана Ержанұлы