Таяу Шығыстағы соғыс: әлемде мұнай бағасы қымбаттады

  • 4
  • 21.09.2026, 18:50

Таяу Шығыста хуситтер Сауд Арабиясына шабуылды үдетіп жатыр. Салдарынан елдің энергетикалық инфрақұрылымы, азаматтық нысандары соққыға ұшырады. Нәтижесінде әлемдік мұнай бағасы мен жанар-жағармай құны аспандап барады. Энергетикалық қыспақтың зардабын Еуропа мен Азия ғана емес, Таяу шығыстағы Сирияның өзі де тартып отыр.

Бүгін қара алтынның құны қайта өсті. Бұған Йемендегі хуситтердің Сауд Арабия астанасы Эр-Риядқа жасаған шабуылдары себеп. Ұшырылған зымырандардың біразы қағып түсірілсе, бірнешеуі шаһардың халықаралық әуежай маңына құлаған. Кейін Brent маркалы мұнайдың бағасы 81 центке, ал америкалық West Texas Intermediate 76 центке қымбаттады. Ал, АҚШ президенті Дональд Трамп мұнайдың бағасы тек Иранмен арадағы соғыс аяқталса ғана арзандайды,- дейді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Соғыс аяқталса, әрине мұнай мен жанармайдың бағасы түседі. Өйткені мұхиттардағы шикізат бәріне жетеді. Ал, егер ядролық қару Иранның қолында болса, жер бетіндегі жағдай түбегейлі өзгеретін болады.

АҚШ-Иран бітімі де әлі де қыл үстінде тұр. Жексенбі күні ақ үй басшысы аймақтағы соғысқа қатысты нақты шешім қабылдаудың сәті келді деп тұспалдағандай болды. Айтуынша Тегеран өз әрекетін өзгертпесе жойқын соққы жасалуы мүмкін дегенді меңзеді. Арағайындық танытқан Қатар билігі екі елді дөңгелек үстел басына шақырып әлек. Иран билігі болса алған бетінен қайтар емес.

Мохаммад Багер Галибаф, Иран парламентінің спикері:

- Келіссөз бен соғыстың арасын таңдамаймыз. Дипломатиялық алаңда біздің ұстамымыз бәріне аян. Қажет болса соңына дейін шайқасамыз. Алайда ортадағы мәселелер бір жақты шешілмейді. АҚШ барлық талапты орындамайынша Ормуз бұғазы ашылмайды, келіссөздер де болмайды.

Стратегиялық маңызды су жолдарындағы мұнай тасымалының іркілісі Сирияға да кесірін тигізді. Осыған орай билік шұғыл Үкімет отырысын өткізді. Мәселен, халық бір аптадан бері жанар-жағармайдың қымбаттауынан ереуілдетіп жатыр. Аймақта дизель бірден 40 пайызға, ал, жанармай кемінде 28 пайызға шарықтаған. Елде күніне шамамен 100 мың баррель мұнай өндірілсе, ішкі сұраныс бұл көрсеткіштен 3 есе артық. Сондықтан Шам елі импортқа тәуелді. Жалпы әлем елдері көз ашпай отырған қақтығыстар осы аптада Нью-Йорк төрінде кеңінен талқыланбақ. Жаһанның 130 елінің көшбасшылар БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-ші сессиясында жиналып өткір мәселелердің түйінін тарқатады. Күн тәртібінде Таяу Шығыстағы текетірес, Украинадағы соғыс, жасанды интелект саласындағы қауіп пен әлемдік экономика тұр.

Автор: Арайлым Жақсылыққызы.