Таяу Шығыстағы ахуал қайта ушықты. Иран Иорданиядағы АҚШ әскери нысандарына зымыранмен соққы жасады. Осылайша, екі ел арасындағы текетірес жаңа кезеңге өтті. Ал АҚШ-тағы Гранд-Каньонда нөсер жауыннан кейінгі су тасқыны салдарынан 20-ға жуық адам хабар-ошарсыз кетті.
Түнде Иран Иорданиядағы АҚШ әскери базаларына зымыранмен соққы жасады. Ислам революциясы сақшылар корпусы мәлімдеуінше, бұл АҚШ-тың Ларак аралына шабуылы үшін жауап ретінде жасалған.
Жексенбі күні америкалық әскерилер аралдағы зымыран ұшыру қондырғыларын нысанаға алған. АҚШ Орталық қолбасшылығының хабарлауынша, Ислам революциясы сақшылар корпусы бұл қондырғылар арқылы Ормұз бұғазына теңіз миналарын орналастыруды көздеген.
Бұл шілде айының соңынан бері Иран аумағына жасалған алғашқы шабуыл деп танылды.
Мұнай бағасы қымбаттады
АҚШ пен Иран арасындағы әскери әрекеттер қайта күшейгеннен кейін әлемдік мұнай бағасы күрт өсті. Brent маркалы мұнайдың құны 2% қымбаттап, бір баррелі 90 долларға жетті. Ал WTI маркалы мұнай 85 долларға дейін көтерілді.
Сарапшылардың пікірінше, екі ел арасындағы жағдай одан әрі шиеленіссе мұнай нарығына түсетін қысым күшейе түсуі мүмкін. Басты қауіп - Ормұз бұғазындағы жағдайға байланысты, соңғы мәліметке сәйкес: бір тәулікте бұл бұғаз арқылы небәрі 5 кеме өткен.
Гранд-Каньонында су тасқыны болды
АҚШ-тағы Гранд-Каньон ұлттық паркінде нөсер жауыннан кейін су тасқыны болды. Салдарынан бір адам қаза тауып, 20-ға жуық тұрғын хабар-ошарсыз кетті.
Толассыз жауған жаңбырдан жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер қирап, негізгі су құбыры зақымданған. Апат аймағынан 62 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Айта кетейік, Гранд-Каньон - әлемдегі ең ірі шатқалдардың бірі. Жыл сайын мұнда шамамен 5 млн турист келеді.
Непалда апат құрбандары жерленіп жатыр
Ал Непалда алапат су тасқынынан қаза тапқандарды жерлеу жұмыстары басталды. Үйінділер астынан табылған 229 адамның мәйіті Девгхат орманы аумағында жерленді.
Билік мұндай шешімнің санитарлық қауіптің алдын алу үшін қабылданғанын мәлімдеді. Сонымен қатар жерлеу орындарының заңдастырылғанын және құрбандардан ДНҚ үлгілері алынғанын хабарлады.
Бұл кейіннен туыстары табылған жағдайда мәйіттердің кім екенін анықтап, қажет болса эксгумация жасауға мүмкіндік береді. Іздеу-құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.