Ыстамбұлда тағы су тасуы мүмкін

  • 7
  • 16.10.2026, 18:58

Ыстамбұлда тасқын кезінде жоғалғандарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушыларға көмектесу үшін 1 мың ерікті жіберілді. Су басқан аумақтарда қалып қойған 3 мыңдай адам  құтқарылды. Апат салдарынан қаза болған марқұмдардың біреуі тоқ ұрып, көз жұмған. Екеуі суға кеткен. 

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

-Түркия – табиғи апат жиі тіркелетін аймақ. Мұнда басты қатер жер сілкінісі болса, одан кейінгі орында сел мен су тасқыны тұр. Әсіресе, географиялық орналасуы бойынша Ыстамбұл қаласына төнетін қауіп жоғары. Бұл жолы толассыз жауған жаңбыр мегаполисті әбден әбігерге салды. Кей аудандарда кейінгі қырық жылда жаумаған нөсер бір тәулікте селдетіп, құйып тастаған. Соның салдарынан теңіз суы көтеріліп, құрлыққа жайылған. 

Али Оғұз Дириөз, сарапшы, ТОББ экономика және технология университетінің оқытушысы:

-Ыстамбұлдың халқы қырық жыл бұрынғыдан әлдеқайда көп. Қала аумағы кеңейіп, құрылыс қарқыны артты. Су арналарының бойына ғимараттар салу да қауіп-қатерді күшейтеді. Апаттың басты себебі климаттық дағдарыс болса, тағы бір себебі – инфрақұрылымның жеткіліксіздігі мен қаланың дұрыс жоспарланбауы.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

-Сарапшының айтуынша, климаттың өзгеруі экстремалды күн райы құбылыстарының жиілеуіне ықпал етіп отыр. Ұзаққа созылған құрғақшылықтан кейін бірден мол жауын жауса, су топыраққа сіңіп үлгермейді. Ал кәріз жүйесі мен су ағатын арналардың өткізу қабілеті жеткіліксіз болса, көшелерді су басу қаупі артады. Сондықтан мәселені тек төтенше жағдай кезінде әрекет етумен шешу мүмкін емес. «Қалаларды жоспарлау барысында су тасқыны қаупін ескеріп, жауын суын жинау жүйелерін дамыту және саябақтарды көбейту қажет», - дейді. Мамандардың пікірінше, табиғи апаттың алдын алу үшін қалалардың климаттық өзгеріске төзімділігін арттыру қажет. Бұл үшін инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртып, жауын суын жинайтын аумақтарды көбейту маңызды. Әйтпесе мұндай апаттардың салдары ауыр болуы мүмкін. Қазір Ыстамбұлда тасқыннан зардап шеккен аумақтарды қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қала губернаторы Давут Гүлдің мәлімдеуінше, 3 мыңға жуық адам құтқарылған. Қауіпсіздік мақсатында бүгін де шаһардағы барлық мектепте сабақ тоқтатылды. 

Авторы: Әсия Нұрлыбаева