Сауд Арабиясы мен ираншыл хуситтер қақтығысы өршіп барады. Екі жақ бір-бірінің азаматтық инфрақұрылымдары мен мұнай өндіру кешендерін жаппай атқылауға көшкен. Өңірде ұшақтар ұша алмай қалды. Корольдікте көптеген іс-шара кейінге шегерілді. Мекке мен Мәдинаға ағылған жұрт та азайды. Бірнеше ел өз азаматтарына араб жеріне әзірге бармауды ескертті.
Рауан Мыңбай тілші:
-Мекке мен Мәдинада кіші қажылық жалғасып жатыр. Бұл жақта әуежайлар жұмысын тоқтатқан жоқ. Ал сапарын Рияд және Даммам арқылы жоспарлағандар Сауд Арабиясы қасиетті қалаға барар жолда тоқтады. Кейбірі ираншыл хуситтер шабуылында қаза тапты. Тағы бір легі жараланып, ауыр хәлде емдеу орындарына түсті. Осыдан соң Саудияға кіші қажылық жасауға келетіндер кеміді. Умра сапарына сұраныс айтарлықтай төмен. Корольдік астанасына қазір тіпті ешкім аттап баспайды. Ресми мәліметтерге қарағанда, Халид әуежайы 17-қазанда қайта ашылуы шарт. Бірақ бұл шектеу тағы ұзаруы мүмкін. Өйткені йемендік көтерілісшілер Риядқа қайта-қайта шабуылдап жатыр. Қалада күн аралатып бірнеше рет дабыл қағылады.
Фади Анвар:
- Отбасы, балаларым үшін уайымдаймын. Дабыл келген сәтте бойды үрей мен қорқыныш билейді. Бәрі тез аяқталып, жақсы күндерде жолығуды жазсын.
Айтпақшы, ел билігі толассыз әуе соққыларына қарамастан, әлемдік мұнай кеңесінің 25-ші конгресін өткізді. Жоспар бойынша ОПЕК-тен бөлек, америкалық және еуропалық алпауыт компания жетекшілері түгел Риядта бас қосуы тиіс еді. Алайда жаһандық жиынға негізгі қара алтын өндіруші мемлекет министрлері қатыспады. Қыруар қаржыға салынған павильондар бос қалды. Ресми Рияд төрт күндік бағдарламаның бір бөлігін онлайнға ауыстырды. Әуе рейстері тоқтағандықтан, корольдікте бірқатар халықаралық маңыздағы іс-шара кейінге шегерілді. Ал Саудия бастаған әскери одақ Йеменде қақтығыс ауқымын кеңейтті.
Санада ираншыл қозғалыс өкілдеріне тиесілі нысандар жойылды. Хуситтер де қарымта шабуылды үдетіп жатыр.
Авторы: Рауан Мыңбай