Оңтүстік Кореяда президент жақтастары парламенттік сайлауда жеңіске жетті
Экзит пулдың нәтижелеріне сүйенсек, Ұлттық Ассамблеядағы орындардың көбі қайта билік партиясына бұйыратын секілді. Коронавирус өршіп тұрған кезде өткізілген әлемдегі алғашқы сайлауда қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілді. Сайлау учаскелерінде дауыс берушілер кемінде бір метр қашықтықта тұрып, қолдарын жуып, қолғап пен маска киіп таңдауларын жасады. Тізімге 35 саяси қозғалыс енді.
Владислав Цой, тілші:
- Тартысқа түскен екі негізгі саяси күш бар. Олар: көк түсті басқарушы «Тобуро» демократиялық партиясы және қызғылт түсті «Біріккен болашақ» консервативтік партиясы. Оларды бұрынғы премьер-министрлер Хван Гё Ан және Ли Нак Ён басқарады. Сарапшылардың пікірінше, екеуі – 2022 жылы өтетін президенттік сайлауға үміткер.
Осыдан бір ай бұрын елде күн сайын 100-ден астам індетке шалдыққан уақытта Қытай азаматтарының Кореяға кіруіне тыйым салмағаны үшін оппозиция билікті сынға алған еді. Ал қазір елде індетті жұқтырғындардың саны айтарлықтай азайды. Сондықтан оппозицияның билеуші партияны экономикалық проблемалар мен Солтүстік Кореямен арадағы нашар қарым-қатынасын еске түсіруден басқа амалы қалмады. Бірақ Сеул тұрғындарының көбі билеуші Тобуроны таңдағанға ұқсайды. Өйткені биліктің коронавируспен күрестегі жетістігін бүкіл әлем мойындады. Парламенттік сайлау «президенттік сайлауға дайындық» деп аталуы бекер емес. Науқан 2022 жылы өтеді. Сарапшылардың пікірінше, басқарушы «Тобуро» партиясының жетістікке жетуге мүмкіндігі бар.
Герман Ким, ҚАЗҰУ Азиялық зерттеулер институтының директоры:
- Ағымдағы парламент сайлауының нәтижелері алдағы Корея Республикасындағы президенттік сайлауға айтарлықтай әсер етеді. Қалай болғанда да, Оңтүстік Кореяда кім билік етсе де, Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық орнықты болады деп сеніммен айта аламын.
Сеулдегі парламент сайлауын Оңтүстік Кореяның одақтастары Америка Құрама Штаттары мұқият бақылап отырады. Шынында, Сеул коронавирустық пандемия кезінде саяси науқан өткізуге болатындығын көрсетті.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян