Ливанда жойқын жарылыс болды
Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, оқыс оқиға порт маңында болған. Алдын ала болжам бойынша, пиротехника артқан кеме жарылды. Оның жойқын болғаны соншалық, одан бірнеше шақырым жердегі үйлердің терезесі сынып кеткен.
Ливандағы қазақстандық дипломаттардың ақпараты бойынша ағымдағы жылғы 4 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 шамасында Бейруттағы теңіз портының базасында бірнеше қатты жарылыс болды. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.
«Жақын маңда орналасқан үйлерде, сондай-ақ жарылыс эпицентрінен бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттарда терезелері сынды», – делінген хабарламада. Жергілікті биліктің алдын ала ақпараты бойынша теңіз портында пиротехникасы бар кеме жарылған. Жарылыс салдарынан Ливандағы ҚР дипломатиялық миссиясының ғимаратына зиян келген.
«Жарылыс кезінде дипломатиялық миссияның қызметкерлері жұмыс күні аяқталғаннан кейін жұмыс орнынан кетіп қалған. Консул жұмыста қалған болатын және жарылыс толқыны салдарынан жеңіл жарақат алды. Біздің дипломаттар жергілікті билік органдарымен жедел байланыста, Ливандағы Қазақстан Республикасы азаматтарының жағдайы туралы ақпарат тексерілуде», – деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.