Пандемия салдарынан өзге елдерде де Рамазан айында шектеу шаралары күшейтілді
Барша мұсылман қауым екінші жыл қатарынан бес парыздың бірін әлемді жайлаған пандемия кезінде өтемек. Соңғы кезде індет қайта өршіп, вирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны қайта көбейіп барады. Яғни жер-жерде қасиетті ай карантин режимімен тұспа-тұс келіп отыр.
Мәселен, Катар мен Оманда мешіттерде тарауық намазы оқылмайды. Ауызашарларға арналған шатырлар құруға да тыйым салынған. Ал Иордания тұрғындары мешітке күніне екі рет бара алады. Жамағатпен құлшылық етуге рұқсат берілген елдер де бар.
Барлық мұсылман үшін қасиетті – Қағба. Әдетте миллиондаған адам иық тіресіп құлшылық ететін Әл-Харам мешітіндегі қазіргі көрініс осындай. Әлемдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты биыл мұнда келушілер саны шектелді. Сауд Арабиясындағы мешіттерде сәресі мен ауызашарға жиналуға тыйым салынған. Сонымен қатар биыл Умраға баратындар коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын салдыруы тиіс. Препараттың алғашқы дозасын 14 күн бұрын алған немесе аурудан құлантаза айығып шыққан азаматтар да қажылық жасай алады.
Індет өршігендіктен Түркияда Рамазан айында шектеу шаралары күшейтілді. Енді елде сенбі-жексенбі күндері коменданттық сағат енгізіледі. Қоғамдық тамақтану орындары жұмыс істемейді. Ауызашарға жиналуға да болмайды.
Карантин режимі Пәкістанда да күшейтілді. Мұнда тұрғындар мешітте маска тағуға міндетті. Адам көп жиналатын іс-шараларды ұйымдастыруға тыйым салынған. Елдегі базарлар мен сауда орындары жабық. Көкөніс пен жеміс-жидек сатып алу үшін тұрғындар ұзынсонар кезекте тұруға мәжбүр.
Индонезия – әлемдегі ең көп мұсылман халқы бар мемлекет. Ислам дінін ұстанатындардың үлесі – 88%. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең үлкен Истикляль мешіті ел астанасы Джакартада орналасқан. Мұнда бір мезетте 200 мыңға жуық адам намаз оқи алады. Биыл Рамазан айында мешітте тарауық намазын оқуға рұқсат берілді. Десе де сақтық шаралары барынша орындалуы тиіс. Арақашықтықты сақтау үшін арнайы белгілер сызылған.
Ясин Паша, жергілікті тұрғын:
- Алладан пандемияның аяқталуын тілеп, дұға етіп жатырмыз. Алдағы уақытта да осы Истикляль мешітінде жиналып, жамағатпен бірге намаз оқитын күн болсын деп тілеймін.
Ауызашарларды мейрамханалар мен дәмханаларға өткізуге де рұқсат. Бірақ сыйымдылығы 50% аспауы керек. Ал діни басқарма өкілдері мұсылмандарды коронавирусқа қарсы вакцина салдыруға шақыруда. Жалпы Индонезия билігі келер жылдың соңына дейін 180 миллион адамға вакцина салуды көздеп отыр.
Авторы: Меруерт Жақан