Оңтүстік Кореяда коронавирус жұқтырғандар саны рекордтық деңгейге жетті
Дәрігерлер: «Індеттің қайта өршуіне карантин шараларының жеңілдеуі себеп», - дейді. Осы аптадан елде мектептер мен балабақшалар жұмыс істей бастады. Мамандар жағдай ушығып, ауруханалар науқастарға толуы мүмкін екенін ескертті.
Бундан Сеул ұлттық университетінің ауруханасы – Кёнги провинциясындағы ең ірі медицина мекемесі. Дәрігердің қабылдауына түсу үшін адамдар алдын ала жазылуы керек. Егер келушінің дене қызуы жоғары болмаса, ол QR-код арқылы ауруханаға кіреді.
COVID-19 белгілері бар науқастар үшін ауруханада арнайы кіреберіс бар. Онда олар оқшауланып, коронавирусқа тексеріледі. Егер індет расталса, ауруханаға жатқызылады.
Владислав Цой, тілші:
- Аурухана өкілдері тек вакцина салдырған болсақ қана бізге сұхбат беруге келісті. Бірақ толық вакцина қабылдасақ та, бізді Жұқпалы аурулар бөліміне кіргізбеді. Өйткені Кореяда қазір індет жұқтырғандар саны рекордтық деңгейге жеткен.
Жалпы бұл ауруханада орташа халдегі науқастарды емдеуге арналған 20 палата бар. Тағы жеті палатада емделгеннен кейін өзін жақсы сезінетіндер жатқызылады. Бір бөлме 2-3 адамға арналған.
Ким Ый Сок, университет ауруханасының профессоры:
- Емдеу ұзақтығы науқастың жағдайына қарай анықталады. Өкпені жасанды желдету аппаратын қажет ететін ауыр халдегі науқастар кемінде 3-4 апта ем алады. Әдетте науқастар бізде 6-10 күн болады.
Бундан ауруханасының дәрігерлері тіпті Алматыдағы емхана емделушілеріне кеңес беріп үлгереді. Расында да, коронавирус кесірінен қарапайым бөлімшелерге келушілер саны азайды. Пандемияға дейін бұл ауруханаға 6800-ге дейін адам түскен болса, қазір 300-ге азайды. Жоспарлы операциялар саны да 180-нен 140-қа дейін қысқарды.
Ким Ый Сок, университет ауруханасының профессоры:
- Коронавирус жұқтырғындар көбейгендіктен, Үкімет мұндай науқастарға арналған палаталар санын арттыруды тапсырды. Бұл орындарға коронавируспен ауыратындар жатқызылса, өзге науқастарды қабылдай алмаймыз. Маман тапшылығы – тағы бір мәселе.
Науқастардың үштен бірі – 60 жастан асқан адамдар. Олар бірінші кезекте індетке қарсы вакцинасын алды. Сондықтан елде егде жастағы тұрғындар үшін ревакцинация мерзімі қысқарды. Дәрігерлерді алаңдатқан тағы бір мәселе – мектептер мен балабақшалардың оффлайн режиміндегі жұмысының қайта жандануы. Өйткені 12 мен 17 жас аралығындағы тұрғындардың екпе алу көрсеткіші – небәрі 13,5%. Сондықтан билік COVID-19 жағдайы жақсармайынша карантиндік шараларды сақтауды жоспарлап отыр.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян