Украина Ресеймен дипломатиялық байланысын үзді
Елде әскери жағдай жарияланған. Әуе кеңістігі жабық.
Ресей Президенті Владимир Путин Донбаста әскери операция басталғанын жариялады. Ресей басшысы бұл мәлімдемесін мемлекеттік телеарналар арқылы жасады. Ал Украина Президенті Владимир Зеленский елінің соғысты қаламайтынын, бірақ қорғануға дайын екенін жеткізді. Ақпарат құралдары Киев пен Харьков қалаларында кейбір тұрғындар бомбадан қорғану үшін метроға жиналып жатқанын хабарлап жатыр. Ресей тарапы болса, Украинаның әскери инфрақұрылымын ғана нысанаға алғанын айтады.
Ресей Президенті Владимир Путиннің мәлімдемесін жергілікті телеарналар Мәскеу уақытымен таңғы алтылар шамасында көрсетті. Кремль басшысының сөзінше, өзін-өзі жариялаған Донецк және Луганск Халық Республикаларының жетекшілері Мәскеуден көмек сұраған.
Владимир Путин, Ресей Президенті:
- Мен арнайы әскери операция бастау туралы шешім қабылдадым. Оның мақсаты – сегіз жыл бойы Киев режимі қорлық көрсетіп, геноцид жасап келген адамдарды қорғау. Бұл үшін біз Украинаны демилитаризация мен денацификация жасауға, оған қоса бейбіт тұрғындарға, соның ішінде Ресей федерациясы азаматтарына да қарсы көптеген қанды қылмыс жасағандарды сотқа тартуға тырысамыз.
Украина қауіпсіздік мақсатында өз әуе кеңістігін жапты. 30 күнге төтенше жағдай енгізді. Бірер сағаттан соң Украина Президенті Владимир Зеленский ел аумағында әскери жағдай жариялады. Зеленский халыққа үндеу жолдап, тұрғындарды үрейге бой алдырмай, сабыр сақтауға шақырды.
Владимир Зеленский, Украина Президенті:
- Ресей біздің әскери инфрақұрылымымызға, шекарашыларымызға соққы берді. Жарылыстардың үні Украинаның көптеген қаласында естілді. Елдің барлық аумағында әскери жағдай енгіземіз. Сіздерден сабырлық қажет. Мүмкін болса, үйде болыңыздар. Біз жұмыс істеп жатырмыз. Біз бәріне дайынбыз және бәрін жеңеміз.
Ресей Қорғаныс министрлігі Украинаның әскери нысандарын ғана атып жатқанын айтады. Ақпарат құралдары Украинаның Киев, Одесса, Харковь және өзге де қалаларында жарылыстардың жаңғырығы естіліп жатқанын хабарлады. Киев тұрғындары қаладан кетуге бел буып, жолға шыққан. Сөйтіп, көшелер мен жанармай бекеттерінің маңында ұзын-сонар кептеліс орнаған.
Михаил Мищенко, жергілікті тұрғын:
- Ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Интернет өшкен жоқ. Халық шұғыл шешім қабылдай бастады. Көбі заттарын жинап, көліктеріне отырып жолға шықты. Жолдағы қозғалыс жиілеп кетті. Халықтың реакциясы орынды. Көбінің балалары мен қарт ата-аналары бар. Жанармай құю бекеттерінде газ, бензин, дизель құю үшін кезек көбейді. Әзірге барлығы штатты режимде жұмыс істеп тұр.
Путин Украинаны басып алу жоспарының жоқ екенін мәлімдеді. Зеленский: «Украинаға соғыс қажет емес, бірақ қорғануға әзірміз», - дейді.
Нью-Йоркте Украинадағы жағдайға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысы өтті. Бұл – апта басынан бергі екінші жиын. БҰҰ-ның Бас хатшысы Ресей Президентін шабуылды тоқтатып, бейбітшілікке мүмкіндік беруге үндеді.
Антониу Гуттериш, БҰҰ Бас Хатшысы:
- Бұл – мен БҰҰ Бас хатшысы болып тағайындалғалы бері болған ең қиын кезең. Президент Путин, адамзат үшін әскерді алып кетіңіз. Адамзат үшін Еуропада осы ғасырдағы ең ауыр соғыстың басталуына жол бермеңіз.
БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Украинадағы жағдайға байланысты қарар қабылдамақ. АҚШ Президенті Джо Байден болса жұмада «Үлкен жетілік» басшыларымен кездесу өткізетінін және Ресейге қарсы қатаң санкциялар енгізілетінін мәлімдеді. Ал ЕуроОдақ лидерлері Брюссельде бас қосып, Ресейге қатысты келесі қадамдарды талқылайды.
Авторы: Меруерт Жақан