Киевтегі ахуал: мыңдаған тұрғын елдің батыс өңірлеріне кетуге тырысып жатыр
Қоғамдық көлік қатынап тұр, қала тұрғындары түнде бомбалардан сақтайтан орындарда қонып, күндіз баррикадалар құрып жатыр.
Львовтан Киевке дейін 17 сағат жолда болған тілшіміз вагонында тек екі жолаушыны көрген. Ал кері бағытта жолға шыққысы келген адам көп.
Киев вокзалы. Пойыз күткен халықтың қарасы қалың. Қаладан кетіп, Украинаның батыс өңірлеріне жеткісі келеді. Кейбіреуі шетелге аттанбақ.
Аида Қыдырбай, тілші:
- Қалада дабыл үні жаңғырады. Бұл – қауіпсіз жерге жасырыну керек деген ескерту. Вокзалдағы жұрттың дені Ужгородқа баратын пойызды күтіп отыр. Перронда да кісі көп. Балалар да бар.
Артём, Киев тұрғыны:
- Ужгородқа кеткіміз келді. Вокзалға келіп, перронға шықсақ, мұнда жүзден аса адам тұр екен. Пойызға кіре алған жоқпыз. Бір сағаттан кейін тағы біреуі келуі керек, ендң соны күтеміз. Бәрі тынышталады деп ойладым. Бірақ жағдай нашар екенін түсінгенде, кетуді шештік.
Кезінде төрт миллион тұрғыны болған қала қаңырап қалды. Тіпті карантин кезінде де көшелерде бұдан адам көп жүретін. Бүкіл мекеме жабылған, дүкендерде адам аз. Ал жекеменшік дәріханалар қайта ашылды. Олардың алдында ұзын-сонар кезек. Киев тұрғындары дәрі-дәрмекпен қамданғасы келеді.
Аида Қыдырбай, тілші:
- Киевтегі ірі супермакеттерде сөрелер бос. Нан, сүт өнімдері, әсіресе май тапшы.
Қаланың коммуналдық қызметінің жұмысында іркіліс байқалады. Мұны көшелерде жиналмаған қоқыстан көруге болады. Өткен аптада қалада болған шайқастардан кейін қоғамдық көлік қайта қатынай бастады. Бірақ бағдарлар мен көлік құралы некенсаяқ. Харьков, Чернигов, ЖитОмир мен өзге қалаларға жасалған зымыран шабуылдарынан кейін Киев тұрғындарының да зәресі ұшты.
Киев мэрі Виталий Кличко Ресей әскері шаһарды қоршауға алғысы келетінін ескертті. Көшелерде күн сайын құм толған қаппен қорғаныс күшейтіліп жатыр. Кей жерде танктерге қарсы бөгеттер тұр. Түнде тұрғындар жертөлелерде немесе метроның кейбір станцияларында жасырынады. Бұл – тоғыз қабатты үйдің жертөлесі.
Александр, Киев тұрғыны:
- Мұнда адамдар жиі қонуға қалады. Өйткені әр сағат сайын атыстан қашу қиын. Алғашқы уақытта ауыр болды. Дабыл соғылғанда, жұрт оның қашан бітетінін білмей абдырайтын. Алғашқы үш күнде тіпті бұл жерден шықпай қойды. Жылап, уайымға салынды. 5-7 күн өткеннен кейін үйреніп кетті, дабыл үні әдетке айналды.
Киевті қоршауға алса, гуманитарлық апат басталуы мүмкін. Қазір қалада коменданттық сағат жарияланды. Кешкі бестен таңғы сегізге дейін көшеге шығуға болмайды.
Авторы: Аида Қыдырбай