Украинада театрға тасталған бомбадан 300-ге жуық адам қаза тапты
Бейбіт тұрғындар паналаған драма театр ғимараты өткен аптада бомбаланған. Украина бұған Ресей армиясын айыптап отыр. Ресей Қорғаныс министрлігі болса, әскери инфрақұрылым нысандарына ғана соққы беріліп жатқанын айтып келеді. Елдегі жағдай қиындай түскен. Осы ретте Батыс елдері гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруға уағдаласып отыр.
Ақ үй басшысы Джо Байден украиналықтарға көмек ретінде 1 миллиард доллар бөлінетінін, сондай-ақ АҚШ 100 мың босқынды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді.
Харьков метросы. Бір айдан бері тұрғындар осы жерді паналауға мәжбүр. Қала билігі: «Мұнда 15 мыңдай адам бар», - дейді. Вагондар, жолаушылар алаңы адамдарға лық толы. Дәрі-дәрмек пен азық-түлікті еріктілер жеткізіп беріп жатыр.
Наталья Шапошник, Харьков тұрғыны:
- Әрине, өз үйіміздегідей емес, бірақ шыдауға болады. Біздің жағдайымыз өзгелердікімен салыстырғанда жақсырақ. Біз сыртта емес, вагонның ішінде отырмыз. Балам қасымда. Азық-түлік бар.
Харьков – Украинадағы ірі қалалардың бірі. Ресми мәліметке сай, шаһарда мыңға жуық ғимарат қираған. Жергілікті билік Ресей армиясының шабуылдары тоқтамай тұрғанын айтады. Өзге қалаларға да оқ жаудырылып жатыр. «Би-Би-Си»: «Украина астанасының тұрғындары осындай көрініске куә болды», - дейді.
Киев басшысы: «Ақпанның 24-інен бері 75 бейбіт тұрғын қаза тапты», - деп мәлімдеді. Арасында балалар да бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, осы уақытқа дейін Украинада кемінде 64 аурухана мен медициналық мекемеге зақым келген. Ұйым өкілдері: «Қоршаудағы Мариуполь мен елдің батысындағы Николаев қаласына дәрі-дәрмек жеткізу мүмкін болмай отыр», - дейді. Ал БҰҰ мәліметінше, кемінде 1650 бейбіт тұрғын жарақат алып, мыңнан астамы жан тәсілім еткен. Алайда құрбандар мен зардап шеккендердің саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Көрші елдерді паналаған босқындар саны да артуда. 2 миллионнан астамы Польшаға өткен.
Шабия Манту, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының ресми өкілі:
- Украинадан 3 миллионнан астам адам кетті. Көбі осы шекара бекетінен өтеді. Олар – әйелдер, балалар, қарттар, мүмкіндігі шектеулі адамдар. Ұзақ жолдан шаршап-шалдығып жетеді. Шекара ашық. Польшада оларға қажет көмек көрсетіледі.
Арнамыздың Украинадағы тілшісі қазір шекарада тексеріс барынша күшейтілгенін айтады.
Аида Қыдырбай, «Хабар» Агенттігінің тілшісі:
- Мен поляк-украин шекарасындағы «Шегини-Медыка» халықаралық бақылау-өткізу пункті арқылы өз көлігіммен Украинаға оралуым керек еді. Польша тарапы мені тез өткізді, өйткені Украинадан шығатын адамдар өте көп, мен сияқты Украинаға бағыт алушылар некен-саяқ. Украина шекарасында бұрын-соңды болмаған тексерісті бастан өткіздім. Қазақстандық паспортымды көргеннен кейін, халықаралық бақылау-өткізу пунктінің қызметкері мені жеке тексеріс бөліміне алып барды. Бірден телефонымды сұрады. Жеке бөлмеде тексеріс жүргізді. Өзін шекара қызметінің арнайы барлау бөлімінің қызметкерімін деп таныстырған адам телефонымды алғаннан кейін ондағы екі мыңға жуық фото, бес жүзден астам аудиофайл, хабарлама, әсіресе телеграмм, электрондық почтамды түгел тексерді.
Сарапшылар: «Украина халқының төрттен бірі өз үйінен кетуге мәжбүр болды», - дейді. Елдегі гуманитарлық жағдай күн санап күрделеніп барады. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Ресейді сынға алып, әскери іс-қимылдарды, тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымға шабуылдауды тоқтатуды талап ететін қарар қабылдады. Құжатты 140 мемлекет қолдаған. Ресей, Беларусь, Сирия, Солтүстік Корея мен Эритрея қарсы шықты. Ал 38 мемлекет қалыс қалған.
Авторы: Меруерт Жақан