Украиналық босқын: қашудан басқа амал қалмады
Украиналықтарға тиісті көмек көрсету үшін Краков пен Варшавада арнайы орталық ашылған.
Босқындардың көбі – кішкентай балаларын жетектеген әйелдер мен жасөспірімдер. 21 жастағы Юлия да 5 жасар баласымен талай түнді ұйқысыз өткізген. Галина да Житомир қаласынан Польшаға аман-есен жеткен. Бірақ туғандары әлі Украинада, сондықтан әр сағатты алаңдаумен өткіземіз дейді олар.
Галина, босқын:
- Әрі қарай Прагаға бағыт аламыз. Чехияда алыс туысымыз бар, әзірге сол жақта боламыз. Жұмыс іздеймін, кейін міндетті түрде еліме ораламын.
Юлия, босқын:
- Өте қорқынышты күндерді бастан кештім, осы жаққа қарай қашудан басқа амал қалмады. Житомирдегі жарылыстан кейін үй терезесіндегі әйнектер шағылды. Ата-анам Украинада қалды, олардың жағдайын қатты уайымдаймын.
Украиналықтардың Польша жерінде 18 айдан 3 жылға дейін тұрақтап, жұмыс істеуіне заң бойынша мүмкіндік жасалмақ. Сондай-ақ өз үйлеріне украиналықтарды қабылдаған Польша тұрғындары биліктен күніне – 9, ал айына – 263 доллар көмек ақша алуға құжат рәсімдей алады.
Лаура, Варшава тұрғыны:
- Дәл қазір украиналықтарға билік қана емес, қарапайым польшалықтар да көмектесіп жатыр. Коммерциялық ұйымдар да мүмкіндігінше телефон байланысын, азық-түлік, көлік жағын қамтамасыз етуде. Поляк тілін үйренуге тегін сабақтар тағы бар. Гуманитарлық көмектер өз алдына. Қала тұрғындары украина-поляк шекарасына өз көліктерімен барып, дайын ыстық тамақ жеткізіп беріп жатыр.
Анастасия, Киев тұрғыны:
- Польша халқы да, билігі де украиналықтарға көмектесіп жатыр. Тегін көлік, балаларды мектепке орналастыру үшін ақпараттық және материалдық көмек береді. Далада қала тұрғындары тоқтап тұрып, қалыңды сұрап, дәрі-дәрмек алып берейік деп жанашырлық танытады.
Польшаның Краков және Варшава қалаларында әлеуметтік және мәдени нысандар, аялдама, көшелер Украинаның туымен көмкеріліп, плакаттарда «Біз Украиналықтармен біргеміз!» деп жазылған.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач