Оңтүстік Кореяда сирек кездесетін көліктердің фестивалі өтті
Бұған Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен фестивальге келушілер көз жеткізе алды. Сирек кездесетін көліктерді екі күнде 40 мыңнан астам адам көрген.
Гүрілі қатты қозғалтқыш пен дауыс зорайтқышы бар көлік. Жыл сайын осындай көлік иесі айыппұл төлейді. Өйткені қала тұрғындары: «Тыныштықты бұзды», - деп шағымданады. Сөйтсе де көлігін түрлі тәсілмен сәндеуді сүйетін жүргізушір дәстүрлі түрде фестиваль ұйымдастырып тұрады. Міне, осындай кезекті шара бүгін өтті.
Қатысушылар қасына жолаушы алып, көліктерінің шапшаңдығын көрсету үшін жүйткіп жүрді. Үкімет те бұл саланы өзектен теуіп отырған жоқ. Жыл өткен сайын қолдауды күшейтіп келеді. Өйткені бұл автокөлік нарығына қосымша табыс әкеледі. Оның үстіне пандемия кезінде көлікте түнеп, көлікте тынығу үлкен үрдіске айналды.
Владислав Цой, тілші:
- Теледидар, қысқа толқынды пеш, тоңазытқыш және шатырдағы шам. Мұның барлығы күн көзінен қуат алатын батареямен жұмыс істейді. Құрылғы бір рет толық қуаттандырылған соң, 3 күн үздіксіз тоқ береді.
Фестивальде автодүкендер де дүниесін паш етті. Мысалы, көлікке орнатылған батарея арқылы теледидар көруге, салқындатқыш пен тоңазытқышты алты сағат бойы қосып қоюға болады. Оның сыртында мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай да жасалған. Яғни арбадан түспей-ақ көлікке отыруға болады.
Елде көлікке түрлі механизм орнатып, бесаспап етуге машықтанған арнайы компания көп. Дегенмен темір тұлпарын өз күшімен икемдеп алатындар да бар. Ол үшін тиісті мекемеден рұқсат алу керек. Әйтпесе көліктің техникалық қасиеттерін өзгерту мүмкін емес. Мысалы, көліктен шығатын дыбыс күші 90 децибелден аспауы керек. Машинаның жалпы салмағы тиісті мөлшерден 20% асып кетуге де болмайды.
О Мен Со, Корея Республикасының Жер, инфрақұрылым және көлік вице-министрі:
- Бұл саланы жандандыру үшін біз тюнингті реттеу талаптарын жеңілдетеміз. Келер жылға дейін тюнинг автомобильдерін сынайтын сервис орталығын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Онда тюнингтің тиімділігі мен қауіпсіздігі тексеріледі.
Бүгінгі таңда электромобильдердің өнімділігін арттыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қазір ел аумағында оның саны бір миллионнан сәл асады. Сондықтан мемлекет тюнинг саласын дамытуға күш салып отыр. Өйткені нарықта салаға сұраныс бар. Айталық, 2020 жылы саладағы айналым 4,5 миллиард доллардан асса, келер жылы тағы 1 миллиард долларға артады деген болжам бар.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян