Өзбекстанда азық-түлік жетіспей жатыр
Мемлекет импорттық азық-түлік тасымалдауға барынша жеңілдік жасап, баж салығын жыл соңына дейін алып тастайтынын хабарлады. Соның өзінде нан бағасын реттеу мүмкін болмай отыр.
Бұл наубайхана Қазақстаннан жеткізілетін ұн арқылы жұмыс істеп тұр. Серіктестермен ұзақмерзімді келісім жасалған. Жергілікті кәсіпкер тандыр нанның әр данасын 120 теңгеден сатып жатыр. Қымбат болғанына қарамастан, сұраныс жоғары. Ұн сапасы көптің көңілінен шығады.
Ал Үкімет ұсынатын әлеуметтік нан қымбат. Бүгіннен бастап бағасы 2 есе өсті. Мұның себебі әлемдегі астық тапшылығымен байланысты. Өзбекстан ішкі нарыққа қажет бидайдың тек біршама бөлігін өндіреді. Бұл отандық өнім жағдайды реттеуге көмектесетін. Бірақ фермерлер де шикізат құнын өсіріп жіберді. Сауда биржалық әдіске көшкен. Мемлекет бұрынғыдай астықты 2 есе төмен бағада сатып ала алмайды.
Тұтынушыларды алаңдатқан жағдайдың қашан және қалай реттелетіні белгісіз. Сарапшылар бұл билік тізгінін ұстағандарға ауыр сын екенін айтады. «Жергілікті астық бағасын еркіне жіберген Үкімет енді импорттық азық-түлікке салықты алып тастауға мәжбүр», - дейді олар. Мұның салдарынан қазынаға түсетін кірістің ортайып қалатыны сөзсіз.
Бахтиёр Эргашев, саясаттанушы:
- Қазір Өзбекстан үшін Қазақстанмен тиімді келісім жасау міндеті тұр. Бізге негізгі бидай экспорттаушы елмен ортақ шешімге келу маңызды. Мүмкіндігінше жеңілдетілген бағада сатып алу жағын қарастыру керек.
Ішкі нарықта тек нан ғана емес, өсімдік майы да қымбаттап, шикізат жетіспей жатыр. 35 миллиондық нарықты азық-түлікпен қамту оңай шаруа емес. Үкімет әлемдегі дағдарыс пен геосаяси жағдайдың тез арада реттелгенін қалайды. Онсыз халықтың жағдайы тағы қиындап кете ме деген қауіп бар.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов