Референдум-2022: Түркиядағы отандастарымыз дауыс беруде
Меруерт Қанағат, тілші:
- Туыстас Түрік елінде үш референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Олар – дипломатиялық миссия өкілдіктеріміздің жанында ашылған Анкарадағы № 286, Ыстамбұлдағы № 255 және Анталиядағы № 296 учаскелер. Жалпы Анадолыдағы референдумға қатысуға құқылы отандастарымыздың басым бөлігі – осында білім алушы жастарымыз, дипломатиялық миссия мен халықаралық ұйым өкілдері және туристер. Сондай-ақ Түркия халықаралық жиындардың мекені екені белгілі. Сондықтан бұл күндерде еліміздің бірқатар қоғамдық қайраткері, көрнекті өкілі осында жүр. Жалпы Түрік университеттерінде 3 мыңға жуық студент білім алады. Олар қалаларына ең жақын референдум учаскелерінде дауыс бере алады. Жастардың арасында алғаш рет дауыс бергендер де бар.
Мирас Қыдырма, дауыс беруші:
- Мен жақында 18-ге толдым және алғаш рет дауыс бердім. Себебі бұл – халқымыздың тағдырын айқындайтын тарихи оқиға.
Мұнда да референдум учаскелері жергілікті уақытпен таңғы сағат 7-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін істейді. Айта кетейік, Анкарадағы уақыт Нұр-Сұлтаннан 3 сағатқа кері. Сондықтан осындағы референдумның нәтижесі Нұр-Сұлтан уақытымен 23:00-ден кейін белгілі болмақ.