Ауғанстан үкіметінің шетелдік банк шоттарына салынған бұғат қашан алынады?
Жиында 20-дан аса мемлекеттің өкілі тәліптерге түрлі ұсыныс айтты.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- Ауғанстан ұзақ жылдан бері дағдарыс қыспағынан шыға алмай келеді. Билікке де-факто, яғни уақытша үкімет келгелі жағдай тұрақтала бастағандай еді. Алайда әлі де шешімін таппаған мәселе көп. Қазақстанда тыйым салынған «талибан» ұйымы өкілдері Ташкентке күні бұрын жетті. Барлық делегация өкілдері секілді 5 жұлдызды қонақүйге тұрақтады.
20-дан аса мемлекет пен жетекші халықаралық ұйым өкілдерінің тәліптермен мұндай құрамда алғаш рет кездесіп отыр. Орталық Азия ғана емес, Еуропа, Америка, Таяу Шығыс және Азия-Тынық мұхиты аймағынан Ауғанстан мәселесі жөніндегі арнаулы өкілдер жиналды. «Халықаралық қауымдастықтың бұл елмен қарым-қатынасы әлі де салқын», – дейді сарапшылар.
Владимир Норов, Өзбекстан Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы:
- Уақытша үкімет алдында негізгі міндеттер тұр. Оның құрамы инклюзивті болуы қажет. Әйелдердің құқығы қорғалып, мектеп жасындағы балаларға бар жағдай жасалуға тиіс. Мұның барлығы ауған халқының келешегі үшін маңызды. Сондықтан тәліптер лаңкестік ұйымдармен байланысын толық үзуі шарт.
Әлемде бірде-бір мемлекет Ауғанстанның уақытша үкіметін мойындаған жоқ. Банктік шоттарына бұғат қойған елдер де бар. Соның бірі – АҚШ. Құрама Штаттар шектеуді алып тастауға келісіп отыр. Бірақ қаржының жұмсалуын қадағалайтын маманды АҚШ тарапынан тағайындауды ұсынады. Ал бұл бастамаға Ресей қарсы. Демек, мәселенің басы тағы ашық күйінде қалатын түрі бар. Бұғатталған қаржы көлемі ауқымды, шамамен 7 млрд долларға жуық.
Амир Хан Муттаки, Ауғанстан уақытша үкіметі Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы:
- Ауғанстанның басты мақсаты – экономикалық даму. Орталық және Оңтүстік Азияның дамуын жеделдету. Үкімет Әл-Каида және басқа да лаңкестік ұйымдардың территориямызды пайдаланбайтынына кепілдік береді.
Уақытша үкіметпен тұрақты байланыс орнатқан елдің бірі – Өзбекстан. Тікелей сауда-саттық жасап келеді. Ал астық өнімдерімен ауған халқын Қазақстан қамтамасыз етеді. Сондықтан тұтас Орталық Азия жағдайдың тез арада реттелгенін қалайды.
Талғат Қалиев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:
- Конференцияда ауған халқын дағдарыстан алып шығатын жобалар талқыланды. Соның бірі – «Термез-Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар» бағытындағы жаңа теміржол. Қазақстан құрылыс жұмыстарына қолғабыс етуге ниетті. Сол арқылы Пәкістанға төте жол салынады. Батыс пен Шығыс арасында сауда-саттық артады. Дегенмен тұрақтылық орнамаса, бұл жобалардың қай-қайсы да нәтиже бермеуі мүмкін. Сондықтан Орталық Азия ғана емес, әлем елдері Ауғанстан ахуалын жіті назарда ұстайды.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов