Грузияда несие алу қиындай түспек
Өйткені тұрғындардың жартысынан астамы банктерде қарызға батқан. Инфляция деңгейінің артуы да «жығылғанға - жұдырық» болып отыр.
Грузия билігі жеке тұлғаларға несие беру үдерісін тежеуге шешім қабылдады. Елде қазіргі сәтке дейін берілген несие көлемі 7 жарым млрд доллардан асады. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, бір жылдың ішінде тұрғындардың қаржы ұйымдарға берешегі 34% өскен. «Мұндай үрдіс қымбатшылық тудырмай тұрмайды», – дейді мамандар.
Коба Гвенетадзе, Ұлттық банк президенті:
- Инфляция күннен-күнге күшейіп барады. Осындай қысылтаяң кезде тұтыну несиесінің көлемін одан сайын арттыру экономика үшін де, халықтың әл-ауқаты үшін де ауыр тимек. Жағдайды жан-жақты бағамдай келе және банк мамандарымен ақылдаса отырып, несие алу мерзімін 3 жылға қысқарттық.
Бұған дейін тұтыну несиесі 4 жылға берілетін. Экономистер: «Несие мерзімінің қысқаруы қарапайым тұрғындар үшін ауыртпалық әкеледі», – дейді. Себебі пайыздық мөлшерлеме өседі.
Ото Абесадзе, Кавказ университетінің профессоры:
- Бұрынғыдай 4 жылға созып, пайыз мөлшерлемесін азайтып төлеу мүмкіндігі болмайды. Халық төртжылдық мерзімге үйреніп қалған еді. Енді несиені төлеу қиындайды. Сауда-саттық көлемі де төмендейтіні анық.
Десе де ресми шешім қабылданды, жаңа ереже 15 тамызда күшіне енеді. Шектеу әзірге 1 жылға дейін сақталады.
Авторлары: Ернат Мелсұлы, Юлия Тужилкина