Хабар телеарнасы

Түркиядағы IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өз мәресіне жетті

Еліміздің спортшылары үшін соңғы күн жемісті болды. Шешуші күнде бозкілемде қазақ күресінің жеңімпаздары және көкпар мен көкбөріде үздік құрама анықталды.

IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қазақ күресінен 6 салмақ дәрежесі бойынша балуандар ел намысын қорғап, 6 балуан да жүлделі орынды иеленді.

Марат Нығматуллаев, IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы:
-Абыроймен 60 келіде жеңімпаз атандым. Моңғол палуанымен финалдық белдесуде өте тартысты кездесу болды деп айта аламын және жеңіске жетіп, ел қоржынына алтын салғаныма қуаныштымын.

Көшпенділер ойындарына келген жұрттың түгелі көкпар мен көкбөріні тағатсыздана күтті. Көкпар көшпенділер ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет еніп отыр. Ақтық сында Қырғызстанның командасымен ойнаған құрама жоғары дәрежедегі ойын үлгісін көрсетті. Кездесудің негізгі уақытының аяқталуына 4 минут қалғанда таблодағы есеп 3:3 еді. Ұрымтал сәтте серкені тақымға қысқан Құрманбек Тұрғанбек жеңіс салымын өз еншісіне жазды. Қорытынды есеп 4:3. Қазақстанның көкпар құрамасы — IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпионы.

Құрманбек Тұрғанбек, көкпардан Қазақстан Ұлттық құрамасының мүшесі:
-Бүгінгі Қырғыз елімен кездесу күшті тартысты болды. Олардың аттары басым болды, шынын айту керек. Біздің тендерлердің айтқан тактикасымен, түнімен ұйықтамаған сол кісілердің еңбегі өте зор. Финалға аттар тауып, Аллаға шүкір ұтып шықтық.

Ал көкбөріде қырғыз бауырлар жеңіске жетті. Халықаралық додада Ұлттық құрама 9 медаль еншіледі. Оның үшеуі алтын, төртеуі күміс және екеуі қола. Келесі спорт сайысы Қазақстанда өтетін болды.

Авторы: Меруерт Қанағат