Берлинде Атырау академиялық халық аспаптар оркестрінің концерті өтті
Мәдени шара екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналды. Отандық әртістер берлиндік көрерменге «Еуропадағы Ұлы дала әуендері» атты жаңа бағдарламаны алып барған. Мерекелік кешті Түркештің «Көңілашар» күйі ашты. Құрманғазы мен Дина Нұрпейісованың күйлері де орындалды. Домбыра, қыл қобыз бен шертердің бірегей әуені көрермен көңілін бірден баурап алды.
Эдуард Кинсбрунер, Германия экономикасы шығыс комитетінің өңірлік директоры:
-Қазақтың дәстүрлі музыкасы орындалатын кешке әрқашан қуана-қуана барамын. Музыканттардың өнеріне тәнті болдым. Әсіресе домбырашылар триосы ұнады.
Лина,көрермен:
-Өзім Қазақстанда дүниеге келгендіктен, бұл мен үшін ерекше күн. Концерт жүрегіме жетті. Бірден балалық шағымды еске алдым. Бүкіл залға әсер еткенін көрдім. Домбыра мен қобыз қазақ музыкасының байлығын ашып берді.